Қоғам

BaiQymyz–2026 фестивалінде «Заң мен тәртіп» акциясы: робот-ит пен маскоттар қонақтарды таң қалдырды

BaiQymyz–2026 гастрономиялық фестивалі аясында Астана тұрғындары мен қала қонақтарына арналған «Заң мен тәртіп» атты ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті. Іс-шараны Астана прокуратурасы мен Полиция департаменті бірлесіп ұйымдастырды. Оның басты мақсаты — құқықтық сауаттылықты арттыру, есірткі қылмысы мен өзге де құқық бұзушылықтардың алдын алу болды.

Акцияға Тәртіпбек пен Тазабек маскоттары, сондай-ақ еріктілер қатысты. Олар фестиваль келушілерімен тікелей сөйлесіп, заң талаптарының маңызын түсіндіріп, ақпараттық буклеттер мен жадынамалар таратты. Іс-шараның ерекше назар аударған тұсы — қоғамдық қауіпсіздікте заманауи технологиялар мүмкіндігін көрсету мақсатында таныстырылған робот-ит болды. Сонымен бірге арнайы баннерлерде есірткіге қатысты деректерді хабарлауға арналған жасырын сенім телефондарының нөмірлері орналастырылды.

Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің бастығы Әлия Қибатқызы мұндай акциялардың халыққа профилактикалық ақпаратты қарапайым түрде жеткізудің тиімді жолы екенін атап өтті. Акция барысында ашық микрофон алаңы жұмыс істеп, келушілер мамандарға құқықтық нормалар, қоғамдық тәртіп және есірткінің зияны туралы сұрақтар қойды. Ұйымдастырушылар бұл іс-шаралардың мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы өзара байланысты нығайтуға ықпал ететінін хабарлады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button