Спорт

Алматы облысында конкурдан Қазақстан чемпионаты өтеді

27 маусым күні Алматы облысында ат спортының олимпиадалық түрі – конкурдан Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылады.

Беделді жарыс Талғар ауданындағы Almaty Horse & Polo Club ат спорты кешенінде өтеді. Чемпионатқа еліміздің әр өңірінен 50-ден астам спортшы қатысып, түрлі биіктіктегі кедергілерден өту бойынша өзара мықтыны анықтайды.

Жарыс бағдарламасына балалар, жасөспірімдер, әуесқойлар және тәжірибелі спортшылар арасындағы бәсекелер енгізілген. Қатысушылар тек жылдамдық пен техникалық шеберлікті ғана емес, сондай-ақ ат пен шабандоз арасындағы үйлесімділікті де көрсетуі тиіс.

Конкур – Олимпиада ойындарының бағдарламасына кіретін ат спортының ең танымал және беделді түрлерінің бірі. Бұл спортта жоғары нәтиже көрсету үшін шабандоз бен тұлпардың өзара сенімі мен дәл қимылы ерекше рөл атқарады.

Чемпионаттың басталуы сағат 10:00-ге жоспарланған. Ұйымдастырушылар тұрғындар мен қала қонақтарын жарысты тамашалап, спортшыларға қолдау көрсетуге шақырады.

Өтетін орны: Almaty Horse & Polo Club ат спорты кешені, Алматы облысы, Талғар ауданы, Рысқұлов ауылы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button