Басты жаңалықтарДенсаулықҚоғам

Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған 30 мыңнан астам нысанда қолжетімді орта жасалды

Қазақстанда мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды AstanaNews сайты.

Бұл бағытта 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасы және «Халықпен бірге» жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Жол картасы аясында Қолжетімділіктің интерактивті картасына енгізілген 42 мыңнан астам нысанды бейімдеу жоспарланған. Биылғы жылдың 15 маусымындағы жағдай бойынша республика бойынша 30 571 нысан толық бейімделіп, жоспарланған көрсеткіштің 71 пайызы орындалды.

Бейімделген нысандардың ішінде:

  • денсаулық сақтау ұйымдары – 5 020;
  • білім беру ұйымдары – 9 574;
  • мәдениет нысандары – 2 257;
  • сауда және қызмет көрсету нысандары – 6 369;
  • мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар – 4 222;
  • өзге де нысандар – 3 129.

Ең көп бейімделген нысандар Алматы қаласында – 6 189, Түркістан облысында – 2 512, Қызылорда облысында – 1 887, Шымкентте – 1 623, Атырау облысында – 1 559 және Астанада – 1 456 нысанға жетті.

Нысандарды бейімдеу барысында кіреберістердің қолжетімділігіне, санитарлық бөлмелерге, навигация жүйесіне және азаматтардың қауіпсіз әрі дербес қозғалуына ерекше назар аударылуда.

«Жыл сайын кедергісіз орта аясы кеңейіп келеді және бұл біздің өмір сапамызға тікелей әсер етеді. Әсіресе қоғамның көзқарасы өзгеріп жатқаны қуантады: кәсіпкерлер мен нысан иелері инклюзияның шынайы маңызын түсіне бастады. Өйткені қолжетімді орта – ең алдымен біздің тәуелсіздігіміз», – дейді бірінші топтағы мүгедектігі бар Дастан Раушанбеков.

Мемлекеттік инклюзивті саясат аясындағы бұл жұмыстар мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button