Қоғам

Астанада топырақты заңсыз өндіргендерге қарсы шаралар күшейтілді

Астана қалалық Полиция департаменті «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын іске асыру шеңберінде топырақты заңсыз өндіруге қарсы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Елорда әкімдігінің ресми сайты полиция деректеріне сілтеме жасай отырып, мұндай заңбұзушылықтардың қоршаған ортаға айтарлықтай зиян тигізіп, табиғи ландшафтты өзгертетінін және қаланың экологиялық жағдайына қауіп төндіретінін атап өтті.

Жерді рұқсатсыз қазу нәтижесінде пайда болған терең шұңқырларға су жиналып, жер бедерінің өзгеруіне және табиғи ортаның бұзылуына алып келеді. Сарыарқа ауданындағы учаскелердің бірінде полиция қызметкерлері топырақты заңсыз өндірудің сегіз дерегін анықтады. Құқық бұзушылар жер қойнауын өз бетінше пайдаланғаны үшін заңда белгіленген жауаптылыққа тартылып, заң бұзушылық жасау барысында пайдаланылған көлік құралдары коммуналдық тұраққа орналастырылды.

Заңбұзушылықтарды уақтылы анықтау мақсатында полиция қызметкерлері ұшқышсыз ұшу аппараттары мен Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларын қолдана отырып мониторинг жүргізеді, сондай-ақ топырақ заңсыз өндірілуі ықтимал аумақтарды үздіксіз тексеріп отырады. Астана полициясы азаматтар мен ұйымдарды жер қойнауын пайдалану саласындағы заңнама талаптарын және абаттандыру қағидаларын сақтауға шақырады: топырақты заңсыз өндірудің әрбір дерегі бойынша шара қабылданып, кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылатын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button