Әрбір қадам қоршаған ортаға пана: Тұрақты туризмнің жаңа ошағы — Түркия

Бүгінгі таңда саяхатшылар тек танымал туристік орындарды тізім бойынша аралап шығуды ғана мақсат етпейді. Олар қоршаған ортаға зиян келтірмейтін «тұрақты туризм» қағидалары мен мағыналы сапарларға көбірек басымдық бере бастады.
Booking.com платформасының 2026 жылғы Жаһандық тұрақты саяхат есебіне сүйенсек, респонденттердің 85%-ы үшін экологиялық таза саяхат өте маңызды трендке айналған. Осы жаһандық бетбұрыс кезеңінде Түркия өзінің қол тимеген табиғатымен, қорғауға алынған экожүйелерімен және жергілікті қауымдастықтарды қолдауға бағытталған жобаларымен эко-саяхатшылар үшін ең тартымды ел ретінде алға шықты.
Түркия бұл бағытта жай ғана табиғат сұлулығын ұсынып қоймай, туризмді халықаралық деңгейде жүйелі түрде дамытып келеді. Дүниежүзілік тұрақты туризм кеңесімен (GSTC) бірлесе әзірленген «Түркияның экологиялық және мәдени тұрақтылық бағдарламасы» аясында елдегі қонақ үйлер арнайы сертификаттаудан өтуде. Мұндай мемлекеттік деңгейдегі кешенді бастама әлемде алғаш рет Түркияда қолға алынды. Нәтижесінде, беделді Wanderlust басылымының «The Travel Green List™ 2026» экологиялық рейтингінде Түркия бірден екі номинация бойынша («Тұрақтылық бағдарламасы» және жасыл аймақ мәртебесіне ие «Бирги» қалашығы) үздік деп танылды.
Назарларыңызға Түркияның табиғатымен, мәдениетімен және халқымен етене таныса отырып, экологиялық ізді барынша азайтудың 5 бірегей тәсілін ұсынамыз.
1. Түркияны екі дөңгелекпен бағындыру
Велосипедпен саяхаттау — Түркияның тылсым шығанақтарын, жасыл ормандары мен ежелгі археологиялық мұраларын асықпай тамашалаудың ең тиімді жолы. Екі құрлықты жалғаған Ыстамбұлдың тарихи көшелерінен бастап, халықаралық EuroVelo 8 желісіне кіретін Измир соқпақтарына, Антальяның көгілдір жағалаулары мен Каппадокияның ертегідей аңғарларына дейін велосипедшілер үшін толықтай жағдай жасалған. Сапар барысында велосипедшілерге арналған арнайы қызметтері мен мәзірі бар «bike-friendly» қонақ үйлер желісі саяхатыңыздың жайлы әрі қауіпсіз өтуін қамтамасыз етеді.


2. Эко-соқпақтармен жаяу саяхат
Түркияның алуан түрлі ландшафты мен тірі тарихын сезінудің тағы бір тамаша тәсілі — жаяу треккинг. Түрік Ривьерасында бой көтерген әйгілі Ликия жолы 500 шақырымнан астам қашықтыққа созылып, теңіз панорамасы мен ежелгі антикалық қалаларды біріктіреді. Ал Измирдегі «Эфелер жолы» (Efeler Yolu) дәстүрлі ауылдар мен биік жайлаулар арқылы өтіп, Green Destinations ұйымының «Үздік 100 тарих» тізіміне енді. Сондай-ақ Бурсадағы бай биоәртүрлілігімен танымал Улудаг ұлттық паркі жаяу серуендеу мен кемпинг құрушылардың сүйікті мекені. Дәл осы жерде үстіміздегі жылдың 17–19 шілдесі аралығында тоғызыншы рет «Uludağ Premium Ultratrail» халықаралық марафоны өтеді.

3. Жабайы табиғат пен ботаникалық әлемді бақылау
Түркия — биоәртүрлілік бойынша әлемдегі ең бай аймақтардың бірі. Тавр тауларындағы тек осы өңірге ғана тән (эндемик) Жерорта теңізі өсімдіктерін зерттейтін ботаникалық турлардан бастап, жаһандық құстар миграциясы жолында орналасқан орнитологиялық бақылау нүктелеріне дейін табиғат сүйер қауымды бейжай қалдырмайды. Саяхатшылар Каппадокияда жабайы жылқыларды тамашалап, Ван, Хаккари және Артвиннің көбелектерге толы алқаптарын аралай алады. Ал Изтузу мен Патараның қорғауға алынған жағажайларында сирек кездесетін Caretta caretta теңіз тасбақаларының жұмыртқадан жарып шығу сәтіне куә болу — нағыз экзотика.

4. Тарих пен тірі мәдениетке қол тигізу
Анатолия жері — ежелгі өркениеттердің бесігі. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұраларынан бастап, Еуропалық қыш соқпақтары мен тарихи термальды қалалар бағыты Түркияның өткенінен сыр шертеді. Бұған қоса, БҰҰ Туризм ұйымы мақұлдаған «Cittaslow» (баяу қалалар) мәртебесі бар елді мекендер жергілікті халықтың дәстүрлі тұрмыс салтын сақтап қалған. Саяхатшылар Ормананың «түймелі үйлері» мен Сафранболудың тарихи баспаналарын аралап, Изниктің әйгілі қыш бұйымдарын сатып ала алады және атадан балаға мирас болған ежелгі рецептілер бойынша дайындалған тағамдардан дәм татады.


5. Экологиялық тағамдар мен автохтонды шарап мәдениеті
Түрік асханасы — ұлттық биоәртүрлілік пен аймақтық дәстүрлердің айнасы. Жергілікті өнімдерді таңдау арқылы саяхатшылар өңірлік мәдениеттің сақталуына тікелей үлес қосады. Әр қаладағы ашық аспан астындағы дәстүрлі базарлар жергілікті фермерлерді қолдауға және табиғи ірімшіктер, зәйтүн майы қосылған тағамдар мен мәзә түрлерінің шынайы дәмін тануға мүмкіндік береді.


Сонымен қатар Түркия — ежелгі жүзім шаруашылығының отаны. Урладан Каппадокияға дейін созылып жатқан шарап соқпақтарында туристер ғасырлар бойы бір әулеттің иелігінде келген жүзімдіктерді аралай алады. Мұнда жоғалып кету қаупі төнген 1200-ге жуық жергілікті (автохтонды) жүзім сорттарын қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, дәстүрлі әдіспен жасалған бірегей өнімдердің дәмін татуға болады.





