ӘлемБасты жаңалықтарМәдениет
Trending

Ыстанбұлдағы Рами кітапханасы әлемдегі ең үздік жасыл кітапхана атанды

Ыстанбұлдың ең ірі кітапханасы — Рами кітапханасы (Rami Library) Халықаралық кітапхана қауымдастықтары мен мекемелері федерациясы (IFLA) ұйымдастырған Green Library Awards 2026 байқауында «Ауқымды жоба» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Кітапхана XIX ғасырдағы тарихи әскери казарманы климатқа төзімді заманауи қоғамдық кеңістікке айналдырған бірегей жобасы үшін бұл марапатқа лайық деп танылды.

IFLA-ның Қоршаған орта, тұрақтылық және кітапханалар секциясы (ENSULIB) тапсыратын бұл беделді марапат экологиялық тұрақтылық пен инновациялар саласында көшбасшылық танытқан жобаларға беріледі. Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен IFLA Дүниежүзілік кітапханалық және ақпараттық конгресінде (WLIC 2026) жарияланған 11-ші салтанатты жиында Рами кітапханасы 27 елден түскен 62 өтінімнің ішінен озық шығып, экологиялық мәдени кеңістіктердің үздік үлгісін көрсетті.

Бұл халықаралық жеңіс тарихи мұраны сақтау мен қоршаған ортаны қорғауды бір шаңырақ астында қалай табысты ұштастыруға болатынын дәлелдеді.

1826–1828 жылдары салынған Рами казармасы ауқымды реставрация мен қайта жаңарту жұмыстарынан кейін 2023 жылы Еуропадағы ең озық кітапханалардың бірі ретінде өз есігін айқара ашты. Жоба авторлары ғимараттың тарихи келбеті мен түпнұсқа материалдарын барынша сақтап қалды.

Жалпы аумағы 36 000 м² және бір мезетте 4 200 адамды қабылдай алатын Рами кітапханасы Түркияның басты ақпараттық орталықтарының бірі болып табылады. Оның құрамында сандық кітапхана, балалар, жастар және ересектерге арналған бөлімдер, сондай-ақ мамандандырылған кітапханалар жұмыс істейді.

Рами кітапханасының басты ерекшелігі — оның 51 000 м² ландшафттық аумағы. Бұл — Еуропадағы ішкі ландшафт аумағы ең үлкен кітапхана. Мұнда 696 түп ағаш, 99 мың бұта, биологиялық тоған мен қамыс алқаптары отырғызылған, бұл қалалық биоалуантүрлілікті қолдауға зор үлес қосады.

Кітапхананың кең шатырынан жиналатын жаңбыр суы жасыл желекті суаруға және техникалық қажеттіліктерге қайта пайдаланылады. Сонымен қатар энергияны үнемдейтін сенсорлық жүйелер, LED жарықтандыру, күн батареялары орнатылған. Кітапханада қалдықтарды сұрыптау, бір реттік пластикті азайту және ішкі үдерістерді цифрландыру толық жолға қойылған.

Рами кітапханасы экологиялық жоба болумен қатар, «тірі кітапхана» тұжырымдамасын ұстанады. Мұнда климаттық сауаттылықты арттыратын тренингтер, шеберлік сабақтары, арнайы мұқтаждығы бар жандарға арналған Инклюзивті ресурстық орталық жұмыс істейді. Ал «Шифахана» (қалпына келтіру блогы) сирек кездесетін қолжазбалар мен көне басылымдарды реставрациялау арқылы мәдени мұраны келешек ұрпаққа аманаттайды.

Кітапхана 24/7 режимінде жұмыс істейді және төтенше жағдайлар кезінде халық жиналатын қауіпсіз орталық ретінде де қарастырылған. Тұрақты даму бастамаларының арқасында Рами кітапханасы Түркияда «Biosphere Sustainable Museum» сертификатын және «Нөлдік қалдық» пен «Жасыл энергия» сертификаттарын қатар алған алғашқы кітапхана атанды. 2023 жылы ашылғаннан бері бұл мекенге 8,2 миллионнан астам адам келген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button