«Атамекен» форумында бизнес пен мемлекет бірлескен шешімдерге басымдық берді

Астанада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен «Ортақ Атамекен: Өңірден басталған өрлеу» атты ауқымды аймақтық форумы өтті. Іскерлік алаңға айналған бұл жиында мемлекет пен бизнес өкілдері бірлесіп, экономиканың өзекті мәселелерін талқылады .
Форумға ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық даму институттарының басшылары, сондай-ақ өңірлік кәсіпкерлер мен салалық қауымдастық өкілдері қатысты. Кездесуде шағын және орта бизнестің дамуы, инвестициялық ахуал және экономиканың тұрақтылығына әсер ететін негізгі факторлар қарастырылды.
«Атамекен» ҰКП жұмысы бизнес құқығын қорғау, мемлекетпен ашық диалог орнату, кәсіпкерлер мәселелерін жүйелі шешу және бәсекелі ортаны дамыту қағидаттарына негізделгені атап өтілді. Форумның басты мақсаты – тек мәселелерді көтеру емес, оларды шешудің нақты тетіктерін ұсыну болды.
Палата Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев өңірлермен тікелей байланыс орнату маңызды екенін айтып, «төменнен жоғары» қағидаты бойынша жұмыс істеу тәсіліне көшкенін жеткізді. Оның сөзінше, өңірлерге сапар барысында 3 мыңға жуық кәсіпкермен кездесулер өткізіліп, ондаған кәсіпорынның қызметі зерттелген.
Цифрлық трансформация мәселесі де басты назарда болды. ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Қазақстанда цифрлық мемлекет қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, елде жасанды интеллект инфрақұрылымы дамып, eGov AI және AlemGPT секілді сервистер енгізілуде.
Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шаралары да кеңінен талқыланды. Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев соңғы жылдары бизнес мәселелерін шешуде айтарлықтай ілгерілеу бар екенін айтты. Мәселен, 2022 жылдан бері қаралған мәселелердің 43,9%-ы оң шешімін тапқан.
«Даму» қорының мәліметінше, 2025 жылы кәсіпкерлерді қолдауға 2,2 трлн теңге бағытталған. Ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 3 трлн теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Жалпы, форум мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді диалог алаңына айналып, нақты шешімдер қабылдауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланды.


