Астанада Жалпыұлттық коалицияның қалалық штабы ашылды: 1000-ға жуық іс-шара жоспарланған

Елордада «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясының Астана қалалық штабы ресми түрде ашылды.
Іс-шараға қоғамдық-саяси ұйымдардың, ғылым мен мәдениет саласының өкілдері, заңгерлер, депутаттар, жастар ұйымдары мен педагогтар қатысты. Қалалық коалиция құрамына әртүрлі саладағы 200-ге жуық өкіл енді. Олардың қатарында Қазақстан халық партиясы, «Respublica», «Ауыл» және «Ақ жол» партияларының мүшелері бар.
Штаб төрағасы Ерлан Қанәлімов коалицияның негізгі міндеті – конституциялық бастамаларды халыққа жүйелі түрде түсіндіру екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Конституция адам құқығы мен қадір-қасиетін басты құндылық ретінде айқындайды және ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен құжат қоғамды біріктіретін негізгі құндылықтарды – бірлік, келісім, егемендік және мемлекеттің аумақтық тұтастығын бекітетінін айтты. Ол конституциялық реформа қоғамдық-саяси жүйені жаңғыртуға және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға бағытталғанын жеткізді.
Ал мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден жаңа Конституцияны түсіндіру жұмысы ендігі басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Қалалық штаб қызметі аясында шамамен 1000 іс-шара өткізу жоспарланған. Оған 700 мыңға жуық адам қатысады деп күтілуде.
Жоспар бойынша:
-
орталық деңгейде – 100-ге жуық іс-шара (6 мың адам),
-
қалалық деңгейде – 700 іс-шара (660 мың адам),
-
аудандық деңгейде – 400-ге жуық іс-шара (35 мың адам).
Сонымен қатар 430 сайлау учаскесінде (оның ішінде 35 жабық учаске) жұмыс жүргізу үшін 790 бақылаушы жұмылдырылады. Үгіт-насихат материалдарын таратуға 150 ерікті тартылған.



