ӘлемБасты жаңалықтарТуризм
Trending

Каппадокиядағы Мишлен жұлдызды мейрамханаларды ашыңыз

Ыстамбұл, Измир және Мугладан кейін, 2025 жылы «MICHELIN Guide» тізіміне ертегілер елі — Каппадокияның енуі халықаралық туризмдегі зор бетбұрыс екені даусыз. Аталған өлке тек «пері мұржаларымен» және әуе шарларымен ғана емес, енді 18 таңдаулы мейрамханасымен де әлемді таңғалдырып, Анадолының терең тарихын заманауи аспаздық өнермен шебер ұштастырып отыр.

Аймақ асханасының басты құпиясы жанартаулы құнарлы топырақ пен ғасырлар бойы сақталған дәстүрлі қолөнерде жатыр. Мұндағы дәмдік саяхат талғампаз «Мишлен» жұлдызынан бастап, отбасылық шағын кәсіпорындар мен әйелдер кооперативтеріне дейінгі кең ауқымды қамтиды. Жергілікті өнімдер мен органикалық егіншілікке негізделген бұл мекен тұрақты даму (Sustainability) бойынша «Жасыл жұлдызға» да лайықты екенін толық дәлелдеді.

Киелі топыраққа жолыңыз түссе, жергілікті тағамдардың ерекше дайындалу әдісіне куә боласыз. Соның ішінде Аванос қалашығының шеберлері жасаған қыш құмырада пісетін «тести кебабын» (testi kebabı) ерекше атап өткен жөн. Тандыр пешінде баяу бұқтырылған аталған дәмді дастарханға әкелгенде, құмыраны көз алдыңызда жарып ұсынуы — нағыз шоу және қайталанбас тәжірибе.

Каппадокияның дәм палитрасы өте бай. Кептірілген өрік пен еттің үйлесімінен туған «қайысы яхниі» (kayısı yahnisi), асқабақ дәнімен ұсынылатын қолдан жасалған «еріште» (erişte) кеспесі, сондай-ақ «ағпақла» (ağpakla) тағамы кез келген гурманды бей-жай қалдырмайды. Ал тәтті сүйер қауым үшін сары майға піскен інжір, Үргүп стиліндегі «Дамат» пахлавасы мен «долаз» халвасы нағыз мереке сыйлары анық.

Testi kebabı
Kayısı yahnisi

Ас мәзірін өлкенің символына айналған, Каппадокияның атақты жүзімдіктерінен алынған сусындар мен үңгірлерде жетілдірілген «Дивле Обрук» ірімшігі толықтыра түседі. Жергілікті «Боғазкере» мен «Наринже» сорттарының тарихымен танысу үшін арнайы дегустациялық турларға қатысу мүмкіндігі де бар.

Каппадокия — тек көзбен көретін емес, тарихтың дәмін терең сезінетін бірегей мекен.

Басқа жаңалықтар

Back to top button