Өңірде соңғы үш жылда 21 жаңа спорт кешені пайдалануға берілді

Мемлекет басшысының спорт инфрақұрылымын дамыту, заманауи стадиондар мен спорт кешендерінің санын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес аймақта бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі – қала аумағында салынған жаңа стадион. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді.
Айтуынша, УЕФА-ның IV санатты сертификатын алған, 11 мың көрерменге арналған заманауи стадионда халықаралық деңгейдегі спорттық жарыстарды өткізуге толық мүмкіндік бар. Нысан 4 қазанда футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен ашылған.
Өңірде тұрғындардың барлық санаты үшін бұқаралық және кәсіби спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасалуда. Соңғы үш жылда 21 спорт кешені салынып, халық игілігіне берілді.
Ірі жобалардың бірі – аумағы 25 мың шаршы метрді құрайтын, құны 20,5 млрд теңге болатын көпбейінді «Қызылорда Арена» спорт кешені. Қазіргі таңда нысанның құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.
«Самұрық-Қазына Траст» қорымен бірлесіп «Теннис орталығы» салынса, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Шиелі және Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері пайдалануға берілді. Сонымен қатар қор демеушілігімен тағы бір дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын.
Бұдан бөлек, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 80 спорт және ойын алаңы орнатылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында тағы 5 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр.
Қазіргі таңда өңірде 1538 спорт нысаны бар. Саланы дамытуға ұлттық компаниялар, қоғамдық қорлар және жергілікті кәсіпкерлер белсенді түрде атсалысуда.
Соның бірі – «Samruk Kazyna Trust» қорының қатысуымен қаланың сол жағалауында 3,4 млрд теңгеге салынған «Теннис орталығы». Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен 2,9 млрд теңгеге ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда.
Қазақстан футбол федерациясының «Алаң» бағдарламасы аясында өткен жылы Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның қосалқы алаңы жаңғыртылса, биыл Жалағаш ауданының орталық стадионы күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
Сондай-ақ облыс әкімінің қолдауымен жеке меншіктегі «Тарлан» спорт кешені басқарма теңгеріміне қабылданып, «Қызылорда ерлер және әйелдер бокс клубы» ретінде ресми түрде ашылды. Ғимарат демеушілер есебінен толық жаңартылып, заман талабына сай жабдықталды.
Нәтижесінде өңір тұрғындарының спорт инфрақұрылымымен қамтылу көрсеткіші 56,5 пайызға жетті.



