Түркия туризм саласындағы 2025 жылдың алғашқы тоғыз айының нәтижесін жариялады. Елге 50 миллион шетелдік турист келген, бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 1,6 пайызға көп. Осы уақытта туризмнен түскен табыс 50 миллиард АҚШ долларына жетіп, былтырғы көрсеткіштен 5,7 пайызға артқан.
Бұл туралы Стамбулда өткен баспасөз мәслихатында Түркия Республикасының мәдениет және туризм министрі Мехмет Нури Ерсой мәлімдеді, деп хабарлайды Astananews.kz.
Министрдің айтуынша, 2025 жылдың алғашқы тоғыз айы аймақтық қақтығыстар мен жаһандық жылыну әсерінен туындаған маусымдық өзгерістерге байланысты туризм үшін жеңіл кезең болмаған. Осындай қиындықтарға қарамастан, министрлік жүргізген стратегияның нәтижесінде табыс 5,7 пайызға артып, 50 миллиард долларға жетті. Ерсой бұл көрсеткішті үшінші тоқсанда алғаш рет тіркелген рекордтық нәтиже деп бағалап, жыл соңына дейін жалпы табысты 64 миллиард долларға дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын жеткізді..
Есепті кезеңде Түркияға келген туристер орта есеппен 10,3 түн тұрақтап, тәулігіне шамамен 103 АҚШ долларын жұмсаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7 пайызға жоғары көрсеткіш.
2025 жылдың алғашқы тоғыз айында Түркияға ең көп турист жіберген үш ел:
- Ресей Федерациясы – 5,53 млн адам,
- Германия – 5,22 млн адам,
- Ұлыбритания – 3,54 млн адам.



