Басты жаңалықтарҚоғам

Астаналық оқушылар ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оқытушы ойыншықтар жасауда

Астанада ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған оқытушы әрі қауіпсіз ойыншықтар жасаумен айналысатын жасөспірімдерге бағытталған Innovate For Change жобасы басталды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

1-3 тамыз аралығында елордада Innovate For Change жазғы білім беру бағдарламасы өтуде. Оның қатысушылары – Қазақстанның әр өңірінен келген жасөспірімдер. Олар ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған инклюзивті әрі оқытушы ойыншықтар жасаумен айналысады. Алайда бұл жобаның мәні тек ойыншықтарда ғана емес.

Жоба азаматтық ойлау жүйесін, заңға, өзге адамдардың құқығы мен өзіне деген құрметті қалыптастыруға бағытталған.

Бастама Spectrum International School базасында, Balam-Ai ұйымымен серіктестікте іске асырылуда. Аталған ұйым аутизм мен ДЦП диагнозы бар балаларға қолдау көрсетеді.

Жобадағы әр күн жасөспірімдер үшін пайдалы өнімдерді жобалаумен қатар, инклюзия негіздерін, әлеуметтік жауапкершілік пен қауіпсіз мінез-құлықты үйренумен өтуде.

«Біз инклюзияны жай ғана көмек көрсету емес, тең құқық, құрмет және заңның бәріне бірдей екендігін білу деп түсіндіреміз. Егер ереже сақтасаң – бұл өзіңнің қоғамға қосқан үлесің. Біз баланың қорғалуы, проблемасынан хабардар болуы секілді құқықтарын жиі қозғаймыз.

Сонымен бірге жасөспірімнің құқықтары мен міндеттері жайлы да сөз қозғаймыз. Заң – алыстағы бір нәрсе емес. Ол мектепте, жаяу жүргінші жолында, қоғамдық көлікте де бар», – дейді жобаның тең құрылтайшысы Айдана Әбжанова.

Бағдарлама аясында жолдағы қауіпсіздік, балалардың құқықтары бойынша дәрістер және цифрлық модельдеу мен дизайн бойынша шеберлік сабақтары өткізіледі.

Қатысушы топтар – қарапайым ойыншықтар емес, оқытушы құралдар. Мысалы, кеңістікте бағдарлануға және негізгі ережелерді түсінуге көмектесетін сенсорлық модульдер мен карточкалар әзірлеуде.

Шара барысында балалармен Autism Kazakhstan ұлттық қауымдастығының төрайымы, аутизмі бар баланың анасы Нұрия Балтабайқызы өз тәжірибесімен бөлісті.

«Мен балаларға аутизмі бар бала көшені, адамдарды, шуды қалай қабылдайтынын айтып бердім. Жол ережесін сақтау – тәртіп үшін емес, біреудің өмірі үшін маңызды екенін түсіндірдік. Оқушылар зейін қойып тыңдады, сұрақтарын қойды. Бұл мені қуантады, себебі олардың бойынан нағыз болашақты – жауапты ұрпақты көріп тұрмын», – деді ол.

Үш күннің қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздік топтарды іріктеп, олар толыққанды прототиптерді әзірлеуді жалғастырады. Дайын өнімдер әлеуметтік жоба аясында ерекше қажеттіліктері бар балаларға тегін табысталады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button