JOLTAP жобасының арқасында астаналық тұрғын жаңа саланы меңгеріп, жұмыс тапты

Елордада жастарды сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға бағытталған JOLTAP әлеуметтік жобасы жүзеге асырылып жатыр. Астаналық Айнара Абылаева жобадағы тәжірибесімен және ең танымал бағыттардың бірі – бариста мамандығы бойынша оқуы жайында айтып берді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
JOLTAP жобасы 2023 жылдың тамыз айында Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске қосылған. Оны Астана әкімдігінің қолдауымен «Жаңа мүмкіндік» қоғамдық қоры жүзеге асыруда.
Жобаның басты мақсаты – жастарға сапалы білім алуға мүмкіндік беру, мансап жолын бастауға және табысын арттыруға көмектесу.
JOLTAP жобасы аясындағы бариста мамандығы бойынша оқыту бағдарламасы тәжірибеге бағытталған: студенттер негізгі және кеңейтілген дағдыларды меңгереді, кофелік жабдықтармен жұмыс істеуді, дән түрлері мен ұнтақтау деңгейлерінің айырмашылығын, сусын дайындау техникасын, сондай-ақ қонақтарға қызмет көрсетудің негізгі қағидаларын үйренеді. Оқу тегін, ал курс соңында түлектерге сертификат беріледі.
Осы курсты сәтті аяқтағандардың бірі – Айнара Абылаева. Ол бұл жоба жайлы Instagram желісінен білген және жаңа мамандықты игеріп көрмек болған.
«Жарнама еріксіз назарымды аударды – еш өкінген жоқпын. Оқу өте қызықты өтті, оқытушылар бәрін түсінікті етіп жеткізді, ал топтағы атмосфера шабыт берді», — дейді Айнара.
Бүгінде ол Астанадағы танымал кофеханалардың бірінде бариста болып жұмыс істейді.
«JOLTAP жобасының арқасында практикалық дағдыларды меңгеріп, өз мамандығым бойынша жылдам жұмысқа орналаса алдым», — деп бөлісті ол.
Сондай-ақ, Айнара жұмыста әсіресе қандай дағдылардың қажет болғанын айтып өтті.
«Кофеқайнатқышты дұрыс баптауды, сүтпен жұмыс істеуді, түрлі сусындарға қай дән түрлері лайықты екенін ажыратуды үйрендім – осының бәрі күнделікті жұмысымда көп көмектеседі», — дейді ол.
JOLTAP жобасы бүгінде жастардың қызығушылығын тудырып, қатысушылар саны артып келеді.