Қазақстанда медициналық зерттеулердің бірыңғай тізілімі құрылады
Қазақстанда отандық ғалымдардың медициналық зерттеулерін ауруханалар мен емханаларда жылдам енгізу мақсатында медициналық зерттеулердің бірыңғай тізілімін құру жоспарланып отыр. Бұл бастама ауруларды заманауи технологиялар арқылы анықтау мен емдеу мүмкіндігін кеңейтпек.
Бірыңғай тізілім не үшін қажет
Жаңа жүйеде қазақстандық ғалымдардың ғылыми жобалары мен зерттеу нәтижелері жинақталады. Денсаулық сақтау министрлігі осы тізілім арқылы перспективалы әзірлемелерді анықтап, оларды медицинаға енгізуге қолдау көрсетуді көздейді.
Заң жобасындағы негізгі өзгерістер
Бұл бастама денсаулық сақтау саласына қатысты заң жобасына енгізілген. Құжатта ғалымдар мен дәрігерлердің өзара жұмысын күшейту, зерттеу жүргізудегі әкімшілік кедергілерді азайту және медицина ғылымына инвестиция тартудың жолдарын қарастыру ұсынылған.
Емдеу әдістерін тәжірибеге енгізу
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша, ғылымдағы басты құндылық – нақты пайдасы бар зерттеулердің тәжірибеге енгізілуі. Сондықтан тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденген жаңа диагностика және емдеу әдістеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Дереккөз: gov.kz



