Әдебиет пен кітап оқудың цифрлық жобаларына 50 млн теңге грант бөлінді
Qazaq Creative креативті индустрияларды дамыту қоры отандық әдебиет, кітап шығару және цифрлық оқу технологиялары саласындағы стартаптар мен инновациялық жобаларға арналған грант конкурсын аяқтады. Биыл байқауға 172 өтінім түскен. Сарапшылар 10 жобаны жеңімпаз ретінде таңдады.
Жобаларды іске асыруға жалпы 50 млн теңге бөлінеді. Әрбір жобаға 5 млн теңгеге дейін қаржылай қолдау қарастырылған. Бұл қаражат отандық контентті дамыту мен цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталады.
Грант алған жобалар тізімі
Грантқа ие болғандардың қатарында қазақ тілінде кітап оқуға арналған цифрлық платформалар, балалар әдебиеті мен комикстер шығару, жасанды интеллект негізіндегі интерактивті білім беру құралдарын жасау жобалары бар. Мысалы, «Сөз-Қазына», Oqiber, «Бір беттік кітап: Қазақ ертегілері», Satti.asia, «Тәтті ертегі», Abai Library, «Tulga», Compara, қазақстандық комикстер топтамасы және «Домбыра үйренгім келеді» жобасы қолдауға ие болды.
Жобалардың негізгі мақсаты
Гранттық қолдау бағдарламасы қазақ тілінде сапалы контент ұсынуды, балалар мен жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруды, сондай-ақ заманауи цифрлық технологиялар арқылы ұлттық мәдениетті насихаттауды мақсат етеді. Жобалар әдебиеттің қолжетімділігін кеңейтіп, жаңа оқырман аудиториясын қалыптастыруға ықпал етеді.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Дереккөз: gov.kz



