Қоғам

COP31: Климаттың өзгеруі ана мен нәресте денсаулығын қорғау мәселесін күн тәртібіне шығарды

COP31 аясындағы жоғары деңгейдегі сессия

Бүгін Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі 31-конференциясында (COP31) Қазақстанның Ұлттық павильонында «Жаһандық жылыну жағдайында жүктілікті қорғау: іс-қимылға шақыру» тақырыбында жоғары деңгейдегі сессия ұйымдастырылды.

Іс-шараға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Бас директоры Тедрос Гебрейесус, ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар жөніндегі комитетінің төрағасы Серік Егізбаев, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров және 30-дан астам елдің сарапшылары қатысты.

Климаттың өзгеруі – ана мен бала денсаулығына тікелей қауіп

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова сессияны аша отырып, Қазақстандағы жылыну қарқыны әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жоғары екенін айтты. Оның айтуынша, аптап ыстық пен экологиялық қауіптер репродуктивті денсаулыққа және өсіп келе жатқан ұрпақтың саулығына тікелей әсер етеді.

Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров климаттық дағдарыстың ана мен бала денсаулығына айрықша әсер ететінін атап өтті. Ол жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелер әсіресе осал топ екенін, жоғары температура, ауаның ластануы және таза ауыз судың тапшылығы бұл топқа қосымша қауіп төндіретінін жеткізді.

Ғылыми бағалау және тәуекелдерді төмендету шаралары

Гент университеті мен БҰҰ-ның Халықтың қоныстануы саласындағы қорының (ЮНФПА) зерттеулері, сондай-ақ Арал маңы өңіріндегі жағдайды талдау мерзімінен бұрын босану және жүктілік асқынуы қаупі климаттың өзгеруіне байланысты жоғарылайтынын көрсетеді.

Қазақстан бұл бағытта профилактикалық бағдарламаларды, соның ішінде «Аналар саулығы» жобасын іске асыруда. Сонымен қатар, ДДҰ-мен бірлесіп 2026–2030 жылдарға арналған «Арал маңы өңіріндегі салауатты болашақ» Жол картасын әзірлеу және климаттық медицинаға арналған өңіраралық хаб құру жоспарланып отыр.

Халықаралық қауымдастыққа үндеу

Сессия қорытындысында Қазақстан өкілдері климаттық тәуекелдерді ұлттық денсаулық сақтау жүйелеріне енгізуге, ғылыми зерттеулерді кеңейтуге, ерте ескертуге арналған цифрлық құралдарды енгізуге және экологиялық тұрақтылықты арттыруға бағытталған инвестицияларды біріктіруге халықаралық қауымдастықты шақырды.

Бұл іс-шараны Денсаулық сақтау және Экология министрліктері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы және БҰҰ Халықтың қоныстануы саласындағы қорымен бірге ұйымдастырды.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button