Білім

ҚазҰУ-да ICESCO өкілдігі ашылды, Әл-Фараби орталығы Қытайда құрылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Философия. Этика. Болашақ» атты халықаралық симпозиум аясында үш ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бұл құжаттар білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған.

ҚазҰУ-да ICESCO өкілдігі ашылды

Философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасына ICESCO ұйымының ресми өкілдігі мәртебесі берілді. Бұл өкілдік үш негізгі бағытта жұмыс істейді:

  • Дінтану және мәдениеттану саласында зерттеулер жүргізу, ислам әлемі мен Орталық Азияның ортақ мұрасын зерделеу;
  • ICESCO-ға мүше елдердің студенттеріне арналған курстар, даярлау бағдарламалары, жазғы мектептер ұйымдастыру;
  • Халықаралық конференциялар, семинарлар өткізу және ғылыми жарияланымдар әзірлеу.

Аталған меморандумға ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев пен ICESCO бас директоры Сәлім Әл-Мәлік қол қойды.

Әл-Фараби орталығының жаңа филиалы Қытайда ашылады

Келесі келісімге сәйкес, ҚазҰУ базасындағы Әл-Фараби ғылыми-мәдени орталығының кезекті филиалы Қытайдың Чжэнчжоу университетінде құрылады. Бұл жерде бірлескен ғылыми басылымдар, аудармалар дайындалады және электрондық ғылыми ресурстар базасын құру көзделген. Сонымен қатар, тақырыптық кітапхана ашу және авторлық құқықты сақтау мәселелері де қарастырылған.

ҚазҰУ мен Малайзия университетімен әріптестік күшейеді

Үшінші меморандум аясында ҚазҰУ мен Малайзия халықаралық ислам университеті арасында білім беру саласында ынтымақтастық артады. Үш бағыт бойынша:

  • Оқытушылар мен қызметкерлердің іссапарлары, студенттерге қысқа мерзімді бағдарламалар ұйымдастыру;
  • Ғалымдардың бірлескен жобаларына қаржылай қолдау көрсету;
  • Беделді журналдарда бірлескен ғылыми мақалалар жариялау.

Барлық құжаттарға ҚазҰУ ректоры мен университет басшылары қол қойды.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button