Қоғам

Қазақстан мен Ресей Қорғаныс министрлері қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Астанада Қазақстанның Қорғаныс министрі генерал-майор Айдос Мырзахметов пен Ресейдің Қорғаныс министрі Андрей Белоусов ресми кездесу өткізді. Басқосуда Қазақстандағы әскери реформаның негізгі бағыты таныстырылды. Бұл реформа әскердің жауынгерлік дайындығын жақсартуға, басқару жүйесін жетілдіруге, қару-жарақ пен әскери техниканы жаңартуға, сондай-ақ цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған.

Айдос Мырзахметов әскери білім берудің тәжірибелік бағытын күшейтіп, оны әскерлермен байланыстыру маңызын атап өтті. Офицерлерді оқытуда заманауи талаптар мен жаңа әскери технологиялар ескерілетінін жеткізді. Бұл түлектердің кәсіби дайындығының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Реформаның басты мақсаты – елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қарулы күштердің дайындық деңгейін көтеру.

Кездесуде тараптар 2027 жылға дейінгі әскери кадрларды даярлау, жауынгерлік дайындық және әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық жоспарының жобасын талқылады. Екі ел министрліктері әскери білім, кәсіби даярлық және тәжірибе алмасу бағытында ынтымақтастықты жалғастыруға ниет білдірді. Сонымен қатар, оқытушылар арасында байланыс орнату, бірлескен ғылыми-практикалық конференциялар мен семинарлар өткізу мүмкіндіктері қарастырылмақ.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button