Астаналық гимнастар Қазақстан чемпионаты мен кубогында 23 медаль иеленді
Астана қаласының гимнастикадан жасақталған құрама командасы Шымкентте өткен Қазақстан чемпионаты мен ел кубогында жалпы 23 медаль жеңіп алды. Бұл байрақты додада астаналық спортшылар 11 алтын, 7 күміс және 5 қола жүлдеге ие болды.
Жарысқа 400-ден астам спортшы қатысты
Республикалық сайысқа еліміздің 15 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 400-ден астам гимнаст қатысты. Олар спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне үміткерлер санатында, жеке және топтық жаттығуларда өзара мықтыны анықтады.
Ел кубогында астаналықтар 9 медаль жеңіп алды
Қазақстан Республикасының кубогында астаналық спортшылар 9 медаль алды: 3 алтын, 2 күміс және 4 қола. Спорт шеберлігіне үміткерлер арасындағы топтық көпсайыста «Пантеры» командасы алтын, «Самғау» командасы қола медаль иеленді. Спорт шеберлері арасында «Фурор» командасы бірінші, «Золото» командасы үшінші орынға тұрақтады.
Жеке көпсайыста спорт шеберлері арасында Айғаным Рысбек күміс, Дария Кушербаева қола медальға қол жеткізді. Үміткерлер арасында Анель Динишева алтын, Анна Рубцова күміс, Эвелина Белокурова қола жүлде иегері атанды.
Қазақстан чемпионатында 14 медаль иеленді
Ел чемпионатында астаналық гимнастар 14 жүлделі орынға ие болды: 8 алтын, 5 күміс және 1 қола. Топтық жаттығуларда «Пантеры» командасы бес доппен жаттығуда алтын, бес таспамен жаттығуда күміс медаль алды. «Фурор» командасы бес доппен және шығыршықтар мен шоқпарлар бағдарламасында екі алтын жүлдеге қол жеткізді.
Жеке жаттығуларда Айғаным Рысбек доппен жаттығуда алтын, шығыршықпен күміс және таспамен қола медаль иеленді. Дария Кушербаева таспамен, София Куряченко доппен жаттығуда күміс жүлде алды. Анель Динишева доппен, ұршықпен, таспамен жаттығуда үш алтын, шығыршықпен жаттығуда бір күміс медаль иеленді. Анна Рубцова шығыршықпен жаттығуда ел чемпионы атанды.
Дереккөз: gov.kz



