Қоғам

Ас үйде өрт шықса: алғашқы әрекеттер және қауіпсіздік шаралары

Ас үйде өрт бірнеше секундта тұтанып кетуі мүмкін. Мұндай жағдай көбіне қараусыз қалған плита, қатты қызған май немесе ақаулы электр құрылғыларынан туындайды. Уақтылы шара қабылдамаса, шағын өрт үлкен апатқа айналуы ықтимал.

Қазақстандағы өрт жағдайларының себептері

2026 жылдың басынан бері елімізде тұрғын үй секторында 4 876 өрт тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,5%-ға аз. Өрттердің 50,6%-ы электр жабдықтарын дұрыс жалғамау немесе пайдалану салдарынан шыққан. Сонымен қатар, 18,4% – пешті қолдану кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтамау, 16% – отпен абайсыз жұмыс істеу нәтижесінде болған.

Май тұтанғанда не істеу керек

Егер ас үйде май тұтанса, ең бастысы – су құймау. Су майға тисе, буға айналып, оттың жан-жаққа таралуына себеп болады. Мұндай жағдайда плитаны өшіріп, ыдыстың қақпағын жабыңыз – оттегінің келуін тоқтатыңыз. Жанып жатқан ыдысты орнынан қозғамаңыз және толық суығанша қақпағын ашпаңыз. Өрт өрши бастаса, бөлмеден тез шығып, 101 немесе 112 нөміріне хабарласыңыз.

Электр құрылғысы тұтанғанда

Электр құрылғысы жанса, алдымен оны электр желісінен ажырату қажет. Тоққа қосулы тұрған құрылғыны сумен сөндіруге болмайды. Түтін шықса немесе өрт ұлғайса, өздігінен сөндіруге тырыспаңыз. Бөлме есігін жауып, пәтерден шығыңыз, жақындарға ескертіңіз. Лифтіні қолданбаңыз және үйге қайтып кірмеңіз.

Ас үйдегі өрттің алдын алу жолдары

  • Тамақ дайындағанда плитаны қараусыз қалдырмаңыз;
  • Сүлгі, ұстағыш және басқа жанғыш заттарды плитадан алыс ұстаңыз;
  • Электр сымдары мен тұрмыстық техниканы үнемі тексеріп тұрыңыз;
  • Балалардың плита мен ыстық ыдысқа жақындамауын бақылаңыз;
  • Өрт белгілері байқалса, мүлікті құтқаруға тырыспай, алдымен қауіпсіздік шарасын жасаңыз.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button