Абай атындағы мемлекеттік сыйлық биыл берілмейтін болды
2026 жылғы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияның қорытынды отырысы өтті. Жиынға Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев қатысты. Отырысты Вице-Президент Ерлан Қарин жүргізді.
Комиссия мүшелері шешімге келе алмады
Астана мен Алматы қалаларының өкілдері жиынға онлайн және офлайн форматта қатысты. Арман Қырықбаев конкурстың екінші кезеңіне өткен туындыларды қоғамдық талқылау нәтижесі туралы баяндады. Комиссия әдебиет, музыка, театр және бейнелеу өнері бойынша ұсынылған 7 жұмысты қарастырды.
Дауыс беру қорытындысы бойынша комиссия мүшелері ұсынылған туындылардың ешқайсысын бірауыздан қолдамады. Осыған байланысты биыл Абай атындағы мемлекеттік сыйлық иегерлеріне табысталмайды.
Конкурс талаптары қайта қаралады
Отырыста комиссия мүшелері байқау талаптарын қайта қарауды, сараптамалық сүйемелдеу тетіктерін жетілдіруді және іріктеу рәсімдерін жүйелеуді ұсынды.
Бұл шешім туралы ақпаратты ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі таратты.
Дереккөз: gov.kz



