Жетісу облысында республикалық волонтерлер слеті ұйымдастырылды
Жетісу облысында «ZHETISU VOLUNTEER: Бірлік. Ізгілік. Әрекет.» атты республикалық волонтерлер слеті өтті. Бұл шара БҰҰ Бас Ассамблеясының тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы аясында ұйымдастырылды.
Слет жұмысына еліміздің барлық өңірінен келген 70 волонтер, жастар ұйымдарының өкілдері және сала сарапшылары қатысты. Бағдарлама аясында волонтерлік қызметті ұйымдастыру, әлеуметтік жобаларды іске асыру және жастарды қоғамдық іске тарту бойынша түрлі сараптамалық және интерактивті сессиялар өткізілді.
Волонтерлер тәжірибе алмасты
Қатысушылар аймақтардағы табысты жобаларды таныстырып, өзара тәжірибе бөлісті. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында волонтерлер Талдықорғанда 20 көшет отырғызды және Текелі қаласында экологиялық акция өткізді.
Волонтерлік қозғалыстың дамуы
Қазіргі уақытта Жетісу облысында 13 волонтерлік ұйым мен 18 бастамашыл топ жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда 1 100-ден астам ерікті бар. Жыл басынан бері облыста экология, мәдениет, білім және денсаулық сақтау салаларында 6 мыңнан астам шара ұйымдастырылып, оған 50 мыңға жуық адам қатысты.
Слеттің негізгі мақсаты
Волонтерлер слеті еріктілер қозғалысын дамытуға, өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және қоғамға пайдалы жобаларды қолдауға бағытталды.
Дереккөз: gov.kz



