Мәдениет

Өскеменде айтыскер ақын Серік Құсанбаевтың «Дариға-ай, дәурен!» атты шығармашылық кеші өтті

Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында айтыс өнерінің саңлағы, танымал жыршы-термеші Серік Құсанбаевтың «Дариға-ай, дәурен!» атты мерекелік кеші жоғары деңгейде өтті. Рухани жиынға өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов, мәдениет майталмандары мен өнерсүйер қауым арнайы қатысты.
Кеш барысында ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов ақынды мерейлі шарасымен құттықтап, оның отандық мәдениет пен қаламгерлік салаға қосқан сүбелі үлесін атап өтті. Өңір басшысы ақынның «Байғыз», «Жырлаумен өткен 20 жыл», «Көкдауыл», «Дүбірге толы дүние» және «Байбура ашуы» сияқты туындылары ел сүйіспеншілігіне бөленгенін айтып, оның жас айтыскерлерді баулудағы еңбегіне жоғары баға берді.
Салтанатты бағдарлама аясында кейіпкердің ғибратты өмір жолынан сыр шертетін арнайы бейнебаян көрсетіліп, әдеби-сазды кеш әуезді ән мен күмбірлеген күйге ұласты. Сахна төрінде «Алтын домбыра» иегерлері Бекарыс Шойбеков пен Аспанбек Шұғатай, танымал ақындар Елена Әбдіхалықова, Ардабек Ақбаба, Серік Қуанғанұлы және Қазақстанның мәдениет қайраткері Еркін Шүкүмән бастаған өнер жұлдыздары өнер көрсетіп, көрерменге ерекше рухани ләззат сыйлады.
Ұлттық сөз өнері мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген кештің түйінінде Серік Құсанбаевтың өз орындауында «Достарға» әні шырқалып, салтанатты жиын көрерменнің ыстық ықыласымен аяқталды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button