40 іс-шара, 5 мыңнан астам адам: ЖСДП-ның Астаналық филиалы сайлауалды науқанды қорытындылады

Қала тұрғындары үшін жақсы жол, қолжетімді қоғамдық көлік, жарықтандырылған аулалар мен жақын маңдағы мектеп – күнделікті өмірдің маңызды бөлігі. Ал осы мәселелердің шешілуі қаланың даму қарқынынан кем түспеуі керек. ЖСДП-ның Астаналық филиалы сайлауалды науқан барысында дәл осы мәселелерді көтеріп, тұрғындармен ашық диалог орнатты. Бүгін, 27 қарашада, филиалда сайлауалды штабтың жабылу рәсімі өтіп, атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылды.
Сайлау науқанына филиал бес кандидатты ұсынды. Кейін олардың бірі сайлаудан шығып, қалған төрт кандидат – Әбдіманап Жұмаділдаев, Иван Лавриненко, Анель Ертаева және Шыңғысхан Дүйсенбек үгіт-насихат жұмысын жалғастырды.
Бірнеше аптаға созылған науқан барысында штаб 40 іс-шара өткізіп, бес мыңнан астам адамды қамтыды. Кандидаттар еңбек ұжымдарымен және қала тұрғындарымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Сонымен қатар үгіт материалдарын таратып, экологиялық акциялар ұйымдастырды. Бұл кездесулерде партия өкілдері өз ұстанымдарын жеткізіп қана қоймай, астаналықтардың ұсыныстары мен өтініштерін де тыңдады.

Тұрғындар көтерген мәселелердің басым бөлігі қаланың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты болды. Атап айтқанда, шалғай аудандардағы мектептер мен емханалардың тапшылығы, жолдардың жағдайы, қоғамдық көліктің қолжетімділігі, аулаларды абаттандыру және көгалдандыру мәселелері жиі айтылды. Бұл тақырыптар партияның «Астана – өмір сапасын арттыру мекені» атты сайлауалды бағдарламасында да негізгі орын алды.
Бағдарламада қаланы дамытуға қатысты нақты басымдықтар белгіленген. Соның бірі – жаңа тұрғын үй кешендерін салу кезінде мектеп, балабақша, емхана, жол және қоғамдық көлік мәселелерін қатар шешу. Сондай-ақ қоғамдық көлік маршруттарын тұрғындардың қажеттілігіне қарай қайта қарау, автобустар санын арттыру және қозғалыс қолайлылығын жақсарту ұсынылды.
Қала ортасы мен экология мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Партия аулаларды кешенді абаттандыруды, жасыл желектерді сақтауды, қалдықтарды бөлек жинау жүйесін дамытуды және «Таза үй – Таза Ел» бастамасын ілгерілетуді көздейді. Бұған қоса, әр ауданда спорт, мәдениет және әлеуметтік нысандардың қолжетімді болуына басымдық берілген.
Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – ашық бюджет пен қоғамдық бақылау. Партия бюджет қаражатының қайда және қалай жұмсалатыны туралы ақпарат тұрғындарға қолжетімді болуы керек деп санайды. Жол, аула және әлеуметтік нысандарды жөндеуге бөлінген қаражаттың игерілуі, мердігерлердің жұмысы мен құрылыс сапасы қоғамдық бақылауда болуы тиіс. Ал депутаттар тұрғындар алдында тұрақты есеп беріп, олардың өтініштерінің орындалуын қадағалауы қажет.

ЖСДП-ның Астаналық филиалы қала тұрғындарымен байланысты жалғастырып, көтерілген мәселелерді мәслихат деңгейінде қарауға және олардың шешілуіне ықпал етуге ниетті.
Штабтың жабылу рәсімінде науқанға атсалысқан кандидаттарға, штаб мүшелеріне және еріктілерге алғыс білдірілді. Ортақ мақсат жолында жұмылған команда бірнеше апта бойы астаналықтармен тікелей жұмыс істеп, партияның сайлауалды ұстанымдарын қала тұрғындарына жеткізді.
Енді шешуші кезең – сайлау. 29 қарашада Астана тұрғындары мәслихат депутаттарын сайлау үшін дауыс береді. ЖСДП-ның Астаналық филиалы қала тұрғындарын сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауын жасауға шақырады.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Бюллетеньдегі нөмірі – 2.
«Жалпыұлттық социал-демократиялық партия» республикалық қоғамдық бірлестігінің Астаналық филиалының сайлау қорының қаражаты есебінен қаржыландырылды.



