Басты жаңалықтар

Астанада алкоголь сату ережелерін бұзғандарға айыппұл күшейді

Астанада алкоголь өнімдерін сату тәртібі қатаң қадағалануда. 2026 жылдың басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 200-бабы бойынша 1 023 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, лицензиясыз алкоголь сату бойынша 249 дерек анықталды. Бұл туралы қалалық Коммуникациялар қызметіндегі брифингте Астана қаласы прокуратурасының өкілі Шерхан Шорабек мәлімдеді.

Алкоголь сату шарттары мен тыйымдар

Қазақстан заңнамасына сәйкес, алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынады. Бөлшек саудада алкогольді 23:00-ден 08:00-ге дейін сатуға болмайды. Этил спирті 30 пайыздан асатын өнімдерді 21:00-ден 12:00-ге дейін сату шектелген. Сатушылар сатып алушының жеке куәлігін сұрауға міндетті, құжат болмаған жағдайда өнім сатуға тыйым салынады.

Айыппұлдар мен лицензияға қатысты шаралар

2025 жылы ӘҚБтК-нің 200-бабы бойынша 908 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 781-інің лицензиясының қолданылуы тоқтатылып, 68 адам лицензиясынан айырылды. 2026 жылы 1 023 адам жауапкершілікке тартылып, 889-ының лицензиясы уақытша тоқтатылды, 107 адам лицензиясынан айырылды.

21 жасқа толмағандарға немесе тыйым салынған уақытта алкоголь сатқан жағдайда жеке тұлғаларға 10 АЕК, кәсіпкерлерге 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынып, лицензия уақытша тоқтатылады. Бір жыл ішінде бұл құқық бұзушылық қайталанса, жеке тұлғаларға 20 АЕК, кәсіпкерлерге 180 АЕК-ке дейін айыппұл салынып, лицензиядан айыру жазасы қарастырылған.

Лицензиясыз алкоголь саудасына жауапкершілік

Лицензиясыз алкоголь өнімдерін сатқан тұлғалар ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша жазаланады. Жеке тұлғаларға 15 АЕК, кәсіпкерлерге 150 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Егер бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға 30 АЕК, кәсіпкерлерге 500 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Кейбір жағдайда өнім тәркіленеді.

Бақылау шаралары және кәсіпкерлерге үндеу

Қала прокуратурасының ұсынысымен Мемлекеттік кірістер департаменті мен Полиция департаменті алкоголь өнімдерін заңсыз сатуды анықтау үшін бірлескен іс-шаралар жүргізуде. Прокуратура жүргізген талдау лицензия беруде, алкоголь айналымын бақылауда және ақпараттық жүйелерді біріктіруде қиындықтар бар екенін көрсетті. Бұл бағытта прокурорлық қадағалау актісі енгізілді.

Прокуратура кәсіпкерлерді заң талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Мақсат – айыппұл салу емес, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтардың денсаулығы мен өмірін қорғау.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button