Цифрлық жұмыспен қамту қызметі жұмыс іздеуді жеңілдетуге мүмкіндік береді
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасын жетілдіруді жалғастырып жатыр. Бұл жоба жұмыс іздеушілер мен жұмыс берушілер арасындағы байланыс сапасын арттырып, азаматтарға жұмысқа орналасу кезеңінде қосымша қолдау ұсынуға бағытталған жаңа мүмкіндіктерді енгізуде.
Жаңартылған қолдау жүйесі қалай жұмыс істейді
Жүйеде мансап орталықтарының мамандарына жұмыс берушілердің бос жұмыс орындарына келіп түскен өтінімдерді қарау барысын бақылауға арналған жаңа тетіктер іске қосылды. Егер жұмыс іздеуші өтінім жіберіп, жұмыс берушіден жауап алмаса, жүйе автоматты түрде мансап орталығы маманына хабарлама жібереді. Мамандар жұмыс берушімен байланысып, өтінімнің нәтижесін анықтайды және қажет жағдайда азаматқа басқа бос жұмыс орындарын қарастыруға, түйіндемені толықтыруға немесе сұхбатқа дайындалуға көмектеседі. Осылайша, жұмыс берушімен байланыс орнатса да нәтижеге қол жеткізе алмаған азаматтарға да қосымша қолдау көрсетіледі.
Enbek.kz платформасында жаңа бағалау жүйесі іске қосылады
Жобаның жаңа бағыттарының бірі – Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында жұмыс іздеушілерді сүйемелдеу және жұмыс берушілердің қызметіне баға беру жүйесін енгізу. Енді жұмыс іздеушілер жұмыс берушілерге бес балдық шкала бойынша баға қоя алады. Бағалау кезінде бос жұмыс орындарының өзектілігі, еңбек шарттарының талаптарға сәйкестігі және өтінімдерді қарау нәтижелері ескеріледі. Бұл тетік жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты ашық әрі тиімді етуге ықпал етеді. Сонымен қатар, жұмыс берушілер маман іріктеу және бос орындарды толтыруда мансап орталықтарынан қосымша қолдау ала алады.
Жобаның ауқымы және нәтижелері
«Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» жобасы 2026 жылғы шілдеден бастап Павлодар және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылып келеді. Жоба Enbek.kz Электрондық еңбек биржасының мүмкіндіктерін, жасанды интеллект технологияларын және мансап орталықтары мамандарының жеке сүйемелдеуін біріктіреді. Бүгінде осы өңірлерде 8,4 мың адам жұмысқа орналасқан.
Мемлекеттік цифрлық жүйелердің деректері бойынша, бұрын жұмыспен қамтылмаған азаматтардың ішінде 10 мыңнан астам адамның әлеуметтік мәртебесі өзгерген. Олар оқуға түскен, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, заңды тұлға құрған немесе зейнеткерлікке шыққан.
Жобаны республика бойынша кеңейту жоспары
2026 жылдың соңына дейін Еңбек министрлігі цифрлық жұмыспен қамту қызметін Қазақстанның барлық өңіріне енгізуді жоспарлап отыр. Бұл шара халыққа заманауи цифрлық сервистерді пайдалану мүмкіндігін кеңейтіп, жұмыс іздеу кезінде азаматтарға жан-жақты қолдау көрсетуге жол ашады.
Дереккөз: gov.kz



