Қоғам

Өрт қауіпсіздігі бойынша акцияның бесінші күні 10 мыңнан астам адам қамтылды

5 маусымда Қазақстан бойынша құтқарушылар өрт қауіпсіздігін арттыруға арналған профилактикалық шаралар өткізді. Бұл күні 208 іс-шара ұйымдастырылып, оған 10 мыңнан астам адам, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар 2184 адам қатысты. Іс-шараларға 108 әлеуметтік және білім беру мекемесі тартылды, 1076 Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкері жұмылдырылды.

Өрт қауіпсіздігі бойынша оқыту мен эвакуация

Арнайы ұйымдастырылған 145 нұсқама мен практикалық сабақтар өткізілді. Сондай-ақ, 77 оқу-жаттығу эвакуациясы жүргізілді. Бұл шараларда ақпараттың қолжетімділігіне, хабарлау жүйелерінің бейімделуіне және адамдардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қауіпсіз эвакуациялау тәртібін пысықтауға баса назар аударылды. Көру және есту қабілеті бұзылған адамдар үшін арнайы материалдар мен құралдар қолданылды.

Алматы қаласындағы арнайы шаралар

Алматыда өткен іс-шараға Төтенше жағдайлар министрінің инклюзия мәселелері жөніндегі кеңесшісі Меруерт Құлахметова, Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Мирас Зейнолдин, Алматы қаласы ТЖД бастығының орынбасары Ануар Юсупов, әлеуметтік мекемелер өкілдері мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтар қатысты. Теориялық бөлім қалалық оқыту орталығында өткізіліп, қатысушыларға арнайы субтитрлері мен дыбыстық сүйемелдеуі бар бейнематериалдар көрсетілді, сурдоаудармашы көмегі ұсынылды. Практикалық бөлім «Алатау» әлеуметтік қызметтер орталығында өтті, онда құтқарушылар шартты өрт жағдайында 200 адамды, оның ішінде 150 қызмет алушы мен 50 қызметкерді эвакуациялады.

Ақтөбе облысындағы жұмыстар

Ақтөбе облысының барлық ауданында да профилактикалық шаралар жалғасуда. Мұнда қарт адамдарға, мүгедектігі бар азаматтарға және әлеуметтік мекемелерге ерекше көңіл бөлінуде. Мамандар Соқырлар қазақ қоғамының Ақтөбе оқу-өндірістік кәсіпорнында өрт дабылы жүйелерін тексеріп, анықталған ақауларды жойды, өрт сөндіргіштерге техникалық қызмет көрсетті. Сондай-ақ, мекеме қызметкерлеріне өрт кезіндегі іс-қимылдар және эвакуация тәртібі бойынша түсіндіру жұмыстары атқарылды.

Қауіпсіздік мәдениетін дамыту

Төтенше жағдайлар министрлігі қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және баршаға қолжетімді қауіпсіз орта құру жұмыстарын жалғастыруда. Хабарлау жүйелері мен оқыту бағдарламалары халықтың барлық санаты үшін қолжетімді болуы тиіс. Басты міндет – әр адамға қауіп туралы ақпаратты дер кезінде жеткізу және төтенше жағдай кезінде ғимараттан қауіпсіз шығуға мүмкіндік жасау.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button