Жасанды интеллект 700-ден астам медициналық ұйымға инсульт пен обырды жылдам анықтауға мүмкіндік берді
Қазақстанда жасанды интеллект технологиялары дәрігерлерге қауіпті ауруларды ерте анықтауға, медициналық суреттерді жылдам талдауға және құжаттарды рәсімдеуге жұмсалатын уақытты қысқартуға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда еліміздегі 700-ден астам медициналық ұйым жасанды интеллект негізіндегі оннан аса шешімді қолдануда.
Инсультті анықтауға арналған жүйелер
Негізгі бағыттардың бірі – инсультті диагностикалау. CerebraAI жүйесі компьютерлік томография суреттерін талдап, дәрігерлерге бас миының зақымдану белгілерін тез анықтауға көмектеседі. Бұл технология Астана, Ақмола, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау және Жетісу облыстарындағы 17 инсульт орталығында іске асырылып жатыр.
2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап осы жүйе арқылы инсультке күдік туған 23,5 мыңнан астам пациенттің көрсеткіштері талданды. Инсульт кезінде әр минут маңызды, сондықтан диагнозды уақытында анықтау емдеуді жедел бастауға және асқынулардың алдын алуға септігін тигізеді.
Онкологиялық ауруларды ерте анықтау
Жасанды интеллект сүт безі мен өкпе обырының белгілерін ерте кезеңде анықтауға да қолданылады. Сонымен қатар, стоматологиялық диагностикада да бұл технологияның мүмкіндіктері кеңейіп келеді.
Дәрігерлерге арналған цифрлық көмекшілер
Қазақстанда дәрігерлерге медициналық құжаттарды рәсімдеуде жәрдемдесетін цифрлық көмекшілер енгізіліп жатыр. Бүгінде Alima цифрлық көмекшісін 4 205 дәрігер пайдаланады. Пилоттық жоба барысында жеңіл аурумен келген пациентті қабылдау кезінде құжат рәсімдеуге кететін уақыт төрт есеге қысқарған: бұрын бұл жұмысқа алты минут қажет болса, қазір бір жарым минут жеткілікті.
Бұл жаңашылдық дәрігерлерге пациенттерді тексеруге және емдеуге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді. Айта кету керек, жасанды интеллект дәрігердің орнын баспайды, тек оның жұмысын жеңілдетеді. Диагноз қою және емді тағайындау туралы шешімді бәрібір дәрігер қабылдайды.
Дереккөз: gov.kz



