Қоғам

Қазақстан мен Ресей көлік саласындағы ынтымақтастықты дамытуға келісті

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары, Көлік министрі Әсел Жанасова мен Ресей Үкіметі Төрағасының орынбасары Андрей Никитин көлік-логистика саласындағы екіжақты ынтымақтастықты талқылады. Кездесуде тараптар жүк тасымалын ұлғайту, шекара маңындағы инфрақұрылымды жетілдіру, көлік саласын цифрландыру және әуе қатынасын кеңейту мәселелеріне баса назар аударды.

Жүк тасымалы мен транзит көрсеткіштері өсті

Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі – екі ел арасындағы жүк тасымалы көлемін арттыру болды. 2024 жылдың алғашқы 10 айында теміржол арқылы 80,5 миллион тонна жүк тасымалданды. Сонымен қатар, Қазақстан және Ресей аумағы арқылы өтетін Қытай – Еуропа бағытындағы транзит те көбейіп келеді.

Инфрақұрылымды дамыту және бірлескен жобалар

Тараптар тасымал көлемін ұлғайту үшін шекара маңындағы инфрақұрылымды үйлесімді дамытудың маңызын атап өтті. Бұл бағытта өткен жылы қол қойылған келісімдер негізінде транзиттік және түйіспе пункттерін жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Көлік саласын цифрландыру және тәжірибе алмасу

Кездесуде көлік саласын цифрландыруға ерекше көңіл бөлінді. Қазақстан электрондық құжат айналымын дамытуға, өткізу пункттерінде цифрлық шешімдерді енгізуге және екі елдің ақпараттық жүйелерін біріктіруге ниетті. Сонымен қатар, бірлескен цифрлық жобаларды жүзеге асыру мен тәжірибе алмасу мәселесі де қозғалды.

Автомобиль дәліздері мен жол саласындағы ынтымақтастық

Екі ел Қазақстан – Ресей – Моңғолия бағыты бойынша Алтай Республикасы арқылы өтетін жаңа автомобиль дәлізінің мүмкіндіктерін талқылады. Жол саласында ғылыми-техникалық ынтымақтастықты кеңейту, зияткерлік көлік жүйелерін енгізу және жол жұмыстарының сапасын бақылау саласындағы ресейлік тәжірибені зерделеу ұсынылды. Сондай-ақ ресейлік ғылыми ұйымдар мен «ҚазжолҒЗИ» АҚ арасындағы серіктестікті дамыту қарастырылды.

Ынтымақтастықты нығайтуға өзара дайындық

Кездесу қорытындысында тараптар көлік саласындағы барлық бағыт бойынша серіктестікті нығайтуға және бірлескен жобаларды дамытуға мүдделі екенін қуаттады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button