СҚО-да талапқа сай емес ет өнімі анықталып, 75 кг өнім жойылды
Солтүстік Қазақстан облысында «Сапалы өнім» жобасы шеңберінде қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін ет өнімі анықталды. Мониторинг барысында Аққайың ауданындағы жеке кәсіпкерден алынған мұздатылған ет сынамасынан адам денсаулығына қауіпті Listeria monocytogenes бактериялары табылды.
Ет өнімі қалай зерттелді
Зертханалық талдау мақсатында мұздатылған еттің сынамасы алынып, Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталықта зерттелді. Сараптама нәтижесі ет құрамында қауіпті бактериялардың барын көрсетті. Бұл өнім тұтыну үшін жарамсыз деп танылды.
75 кг ет өнімін жою қалай жүргізілді
Заңбұзушылық анықталған соң, тиісті комиссия құрылды. Оның құрамында ветеринариялық бақылау органдары, ветеринариялық қызмет өкілдері және өнім иесі болды. Комиссия шешімімен 75 кг мұздатылған ет арнайы пеште өртеумен жойылды.
Жобаның мақсаты және жауапкершілік
«Сапалы өнім» жобасы тұтыну нарығындағы тауарлардың сапасын бақылау мен тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл жоба еліміздің барлық өңірінде жүзеге асуда. Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ильясов кәсіпкерлерге сатылатын өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін ескертті.
Дереккөз: gov.kz



