Еңбекке қабілеттіліктен айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем қалай тағайындалады
Қазақстанда ресми түрде жұмыс істейтін азаматтар денсаулығына байланысты еңбекке қабілеттілігінен айырылған жағдайда әлеуметтік тәуекелдерден қорғалған. Егер адам ауыр дертке шалдықса немесе жарақат салдарынан еңбек ету қабілетін жартылай не толық жоғалтса, оған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы қаржылай қолдау көрсетіледі.
Әлеуметтік төлемнің екі түрі қалай беріледі
Еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесі анықталған азаматтарға екі түрлі әлеуметтік қолдау қарастырылған:
- Республикалық бюджеттен төленетін мүгедектік бойынша базалық мемлекеттік жәрдемақы. Бұл төлем еңбек өтіліне қарамастан, барлық азаматқа беріледі.
- Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (Қор) ай сайынғы қосымша әлеуметтік төлем. Бұл төлем базалық жәрдемақыға қосымша ретінде тағайындалады және әлеуметтік тәуекел кезінде азаматты қаржылай қорғау мақсатын көздейді.
Қордан төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшері әр азаматқа жеке есептеледі. Ол әлеуметтік аударымдардың төлену мерзіміне және ресми табыстың деңгейіне байланысты. Жүйеге неғұрлым ұзақ қатысып, ресми табысы жоғары болған сайын, ай сайынғы төлем мөлшері де артады. Бұл төлем азамат зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін беріледі.
Әлеуметтік төлемді рәсімдеу тәртібі
Әлеуметтік төлемді алу үшін құжат жинаудың немесе кезекте тұрудың қажеті жоқ. Бұл үдеріс толық цифрландырылған. Медициналық-әлеуметтік сараптама (МӘС) еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін анықтаған соң, ақпарат жүйеге автоматты түрде түседі.
Жүйе азаматтың төлем алуға құқығын өзі анықтап, өтініш беру үшін проактивті SMS-хабарлама жібереді. Сонымен қатар, әлеуметтік төлемді тағайындауға eGov.kz порталы арқылы немесе ХҚКО-ға барып өтініш беруге болады.
Әлеуметтік төлем алушылар саны мен төлем көлемі
2023 жылдың алғашқы 10 айында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбек ету қабілетінен айырылу бойынша 98,8 мың азамат әлеуметтік төлем алды. Оларға жалпы сомасы 50,4 млрд теңге төленді. Өтініш берушілердің 30 пайыздан астамы электрондық арналарды пайдаланды.
Ресми жұмыспен қамтылған әрбір азамат үшін әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда бұл жүйе қаржылық тұрақтылық пен сенім береді. Келесі материалда Қордан төленетін әлеуметтік төлемнің нақты қалай есептелетіні жайлы толық ақпарат береміз.
Дереккөз: gov.kz



