Технология

Қазақстандық Qajet такси сервисіне отандық цифрлық карталар енгізіледі

Қазақстандық Qajet такси шақыру сервисіне отандық цифрлық картографиялық деректер мен геосервистерді енгізу мәселесі бойынша жұмыс тобының отырысы өтті. Жиынға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев төрағалық етті.

Министрлік қазіргі уақытта «Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы» РМК-ның (Қазгеодезия) цифрлық карталарын коммерциялық сервистерде пайдалану мүмкіндігін қарастыруда. Бұл бастама мемлекеттік цифрлық картографиялық деректерді бизнес саласында қолдануға және Қазақстанның навигациялық технологияларын дамытуға бағытталған.

Жобада қандай өзгерістер қарастырылған

Qajet сервисіне Қазгеодезияның цифрлық карталары енгізіледі. Сондай-ақ, мекенжайларды іздеу, геокодтау және маршрут құру мүмкіндіктері дамытылады. Бұл отандық геосервистерді жолаушылар тасымалында сынақтан өткізіп, кейін кеңінен қолдануға мүмкіндік береді.

Жобаның технологиялық базасы – Кеңістіктік деректердің ұлттық инфрақұрылымы (КДҰИ) мен Қазгеодезияның цифрлық картография және навигация бойынша өз әзірлемелері.

Картографиялық деректердің өзектілігі мен жаңартылуы

Кеңес барысында жол желісінің өзектілігін, мекенжайлар мен нысандардың нақты орналасуын анықтауды және ақпаратты тұрақты жаңартуды қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Жобаның маңызы мен болашағы

Qajet сервисімен интеграция – отандық цифрлық карталар мен навигациялық сервистердің қолжетімділігіне бағытталған маңызды қадам. Мұндай шешімдерді болашақта такси агрегаторлары, жеткізу және логистикалық компаниялар, басқа да цифрлық платформалар пайдалана алады.

Бұл бастама қазақстандық геоақпараттық технологияларды дамытуға және мемлекеттік кеңістіктік деректерді елдің цифрлық экономикасында кеңінен қолдануға ықпал етеді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button