Денсаулық

Амбулаториялық дәрілік препараттар тізімі жаңартылды: 22 жаңа препарат енгізілді

2025 жылы Денсаулық сақтау министрлігі амбулаториялық деңгейдегі дәрілік қамтамасыз етуді жекелей жоспарлау жүйесіне көшеді. Бұл жаңа жүйеде дәрі-дәрмекке сұраныс әр науқастың жеке мәліметтері мен тағайындалған емдеу тәсіліне қарай анықталады.

Биыл амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізбесіне 14 түрлі ауруды емдеуге арналған 22 заманауи препарат қосылды. Жаңа анықталған науқастарды қажетті дәрілермен уақытылы қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ емдеуде үзілістер болдырмау мақсатында дәрілік заттардың қорын жалпы сатып алынатын көлемнің 35%-ына дейін арттыру туралы шешім қабылданды. Сонымен бірге, өңірлер мен медициналық ұйымдар арасында дәрілік препараттарды жедел қайта бөлу тетігі енгізілді.

Қазіргі таңда амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету аясында 76 ауру бойынша 2,1 миллион науқасқа дәрілік препараттар беріледі. Бұл мақсатқа бөлінген қаржы көлемі шамамен 245 млрд теңгені құрап отыр. Әрбір науқасты қажетті дәрі-дәрмекпен уақтылы қамтамасыз ету және емдеу курсының үздіксіздігін сақтау басты міндет ретінде белгіленген.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button