Қазақстанның ұлттық павильонында климаттық есеп беру және технологиялық даму мәселелері талқыланды
Анталья қаласында өтіп жатқан БЖБ 31 алаңында Қазақстанның ұлттық павильонында климатқа қатысты маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазақстан Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Ошурбаев «Климаттық транспаренттілікті нығайту (ETF): CBIT және BTRS шеңберіндегі Қазақстан мен Орталық Азияның тәжірибесі» атты сессияда құттықтау сөз сөйледі.
Бұл сессияда мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар ұлттық климаттық есеп беру жүйелерін дамыту, деректерді бақылау мен тексеру мәселелерін талқылады. Іс-шараны Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (IGTIC), БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) және «Жасыл даму» АҚ бірлесіп ұйымдастырды.
CBIT ұлттық жобасының іске қосылуы
Сессия барысында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен ФАО арасында Париж келісімі шеңберінде ETF талаптарын орындауға бағытталған CBIT ұлттық жобасын іске қосу бойынша ресми құжаттар алмасылды. Бұл жоба Қазақстанның институционалдық және техникалық әлеуетін арттыруға, климаттық деректерді жинау мен сараптау жүйесін жетілдіруге және транспаренттілікке қойылатын талаптарды орындауға дайындықты күшейтуге бағытталған.
Іс-шарада Қазақстанның климаттық есептілік дайындаудағы тәжірибесі де ұсынылды. Мәселен, Бакуде өткен COP 29 конференциясында алғашқы екі жылдық баяндама ұсынылып, ол БҰҰ РКИК халықаралық сарапшыларының қарауынан өтті. Сондай-ақ, Бразилияда COP 30 аясында FMCP сессиясының қорытындылары жарияланды.
Қазақстанның шығарындыларды азайту жоспары
«Мақсаттан орындауға: Азия және Шығыс Еуропа елдері ОНУВ 3.0-ді ұлттық іске асыру жоспарларына қалай айналдырады» сессиясында вице-министр Мансур Ошурбаев Қазақстан 2025 жылдың қазан айында үшінші ОНУВ-ны (ұлттық айқындалатын салым) ұсынатынын атап өтті. Бұл құжатта 2035 жылға дейін халықаралық қолдаумен парниктік газдар шығарындыларын 1990 жылғы деңгеймен салыстырғанда 17-25%-ға қысқарту, 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсаттары көрсетілген.
Аталған сессияны ұлттық айқындалатын салымдарды іске асыруға көмектесетін NDC Partnership жаһандық коалициясы ұйымдастырды.
Су үнемдеу технологиялары және ауыл шаруашылығын дамыту
Әзірбайжан ұлттық павильонында өткен «Технологияларды әділ және инклюзивті дамыту» сессиясында Мансур Ошурбаев Қазақстандағы су ресурстары тапшылығы мен жердің тозуы мәселелерін шешуде қолданылып жатқан технологиялар туралы айтты. Ол 2025 жылы су үнемдеу технологияларымен 543,5 мың гектарды қамту жоспарланғанын, бұл шамамен 874 миллион текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік беретінін мысалға келтірді. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,3 миллион гектарға дейін жеткізілмек.
Дереккөз: gov.kz



