Қоғам

Алматы әуежайында ішкі рейстерге арналған жаңартылған терминал ашылды

Алматы халықаралық әуежайының ішкі рейстерге арналған жаңартылған Т1 терминалы салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсіміне ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, TAV Airports Holding компаниясының бас директоры Серкан Каптан және сала өкілдері қатысты.

Әуежай президенті Гөкер Көсе қонақтарға 13 айда атқарылған жаңғырту жұмыстарының нәтижесін таныстырды. Әсел Жанасова Алматы әуежайын жаңарту елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.

Жаңғырту жұмыстары мен инвестиция көлемі

Т1 терминалын жаңарту 2025 жылға дейінгі Бас жоспардың Horizon бағдарламасы аясында басталды. Жаңғыртуға шамамен 32 миллион АҚШ доллары инвестицияланды. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, терминал үздіксіз жұмыс істеді.

Тіркеу аймағы толық жаңартылып, 23 жаңа тіркеу орны орнатылды. Ұшу алдындағы тексеру аймағы кеңейтіліп, өткізу жолының ені 3,5 метрге дейін ұлғайтылды. Отырғызу талондарын сканерлеуге арналған автоматты турникеттер саны беске жеткізілді.

Жолаушыларға арналған жаңа мүмкіндіктер

Сегіз шығу аймағы толық жаңартылып, күту орындары көбейтілді. №1 шығу аймағындағы күту залының ауданы 200-ден 350 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Үш жаңа телескопиялық трап орнатылды.

Жүк өңдеу инфрақұрылымы да жаңартылып, багаж конвейерлерінің ұзындығы 85 метрден 228 метрге дейін артты. Багажды тексеруге арналған заманауи үш өлшемді жүйе енгізілді.

Инженерлік және сервистік жаңалықтар

Толығымен жаңартылған инженерлік жүйелер қатарына электрмен жабдықтау, желдету, жылыту, өрт дабылы мен автоматты өрт сөндіру жүйелері кіреді. Терминалдың ішкі кеңістігіне күрделі жөндеу жүргізілді, қабырғалар мен төбе конструкциялары ауыстырылды.

Жолаушылар жайлылығы үшін барлық 14 санитарлық бөлме мен ана мен бала бөлмесі жаңартылды, лифтілер ауыстырылды әрі жаңа сауда және қоғамдық тамақтану нысандары ашылды.

Өткізу қабілеті және даму жоспары

Жаңғыртудан кейін терминал жылына 9 миллион жолаушыға дейін қабылдай алады. Бұрын бұл көрсеткіш 3,2 миллион жолаушы болатын.

Horizon бағдарламасы аясында терминалды жаңартумен қатар әуежайдың аэродромдық және техникалық инфрақұрылымын кешенді дамыту қарастырылған. Жобалар қатарында мұздануға қарсы өңдеу алаңы, жаңа рулеждік жол, ұшу-қону жолағын реконструкциялау, VIP перрон және әуе кемелеріне арналған тұрақтарды жаңарту, жүк перронын дамыту және техникалық қызмет көрсететін ангар салу бар.

Ішкі рейстер терминалын жаңарту – Алматы халықаралық әуежайын ұзақ мерзімді дамыту стратегиясының маңызды бөлігі. Бұл жоба Алматының Орталық Азиядағы жетекші авиация және көлік-логистикалық орталық ретіндегі орнын күшейтуге бағытталған.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button