Энергетика вице-министрлері 16 өңірде халықпен кездесті
Энергетика вице-министрлері Құрылтай депутаттары және Қазақстанның Халық кеңесі мүшелерімен бірге еліміздің әр өңіріндегі жергілікті қауымдастық өкілдерімен жүздесті. Бұл кездесулер барысында Мемлекет басшысының Жолдауындағы басты бағыттар түсіндіріліп, экономиканы дамыту, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту және елдің энергетикалық әлеуетін арттыру мәселелері қаралды.
Жұмыс сапары Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан және Маңғыстау облыстарында өтті. Делегация кәсіпкерлермен, жастармен және өнеркәсіп кәсіпорындарының еңбек ұжымдарымен кездесті. Жиындарда отын-энергетика кешенінің қазіргі жағдайы, саланы дамыту жоспарлары, инфрақұрылымдық жобалар мен энергетикалық қауіпсіздік мәселелері сөз болды.
Президент Жолдауында қойылған 2029 жылға қарай электр энергиясының артық көлеміне қол жеткізу міндеті басты назарда болды. Қатысушыларға жаңа электр станцияларын салу, жұмыс істеп тұрған генерациялау нысандарын жаңғырту, электр желілерін жетілдіру және өткізу мүмкіндігін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Сонымен қатар қазіргі технологияларды енгізу арқылы көмір генерациясын дамыту және жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жоспарлары да айтылды. Қабылданған шаралар елдің энергетика жүйесінің тұрақтылығын арттырып, экономиканың өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтілді.
Дереккөз: gov.kz



