Денсаулық

Қазақстанда ана өлімі 10 айда 32%-ға азайды – Денсаулық сақтау министрлігі

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, 2026 жылдың 10 айында Қазақстанда ана өлімінің деңгейі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 32%-ға азайған. Бұл оң өзгеріс медициналық көмектің қолжетімдігін арттыру және ауруларды ерте анықтау бағытындағы жұмыстардың нәтижесінде байқалды.

«Аналар саулығы» бағдарламасының іске асуы

Елімізде репродуктивті жастағы әйелдер үшін қауіп факторларын ерте анықтауға және асқынулардың алдын алуға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Фертиль жастағы әйелдер өз емханасында 12 түрлі медициналық тексеруден өте алады.

Қазіргі таңда 37 емхана мен 23 перинаталдық орталықта әйелдер консультациялары қайта іске қосылды. Бұл қызметпен 1 миллионнан астам әйел қамтылды. Жүктіліктің алғашқы 10 аптасында есепке тұрған әйелдер үлесі 18%-ға өсіп, 71%-ға жетті.

Жүкті әйелдерді ерте тексеру және бақылау шаралары

Өңірлердегі барлық перинаталдық орталықтарда орналасқан 19 «Бір күндік клиникада» ұрықтың туа біткен ақауларын ерте кезеңде анықтау жұмысы жүргізілуде. Бүгінде 100 мыңнан астам жүкті әйел диагностикалық тексерулермен қамтылды, ал пренаталдық скринингке қатысу көрсеткіші 8%-ға артты.

Нәрестелерді бақылау мен қамқорлық

Сәби дүниеге келген соң медициналық бақылау жалғастырылады. Жаңа туған нәрестелерге патронаж жүргізу, профилактикалық тексерулер, екпе салу және денсаулықты тұрақты бақылау шаралары қолға алынды.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button