Мерзімді әскери қызметшілерге 1 040 білім гранты бөлінді
Астанада ведомствоаралық комиссия отырысында 2025 жылдың күзінде әскерге шақырылған мерзімді әскери қызметшілерге арналған мемлекеттік білім беру гранттары мен жоғары оқу орындарындағы орындарды бөлу мәселесі қаралды. Жиынға Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдері қатысты.
Білім гранттары мен оқу орындары қалай бөлінді
Комиссия шешімімен еліміздің азаматтық және ведомстволық жоғары оқу орындарында барлығы 1 040 орын бөлінді. Оның ішінде 800 мемлекеттік білім беру грантын Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынса, тағы 240 орынды күштік құрылымдардың жоғары оқу орындары берді.
Әскери білім және ғылым департаменті бастығының орынбасары майор Людмила Перякинаның айтуынша, үміткерлер «Срочники 2.0» платформасы арқылы цифрлық форматта конкурстық іріктеуден өтті. Рейтингті жасақтау кезінде жауынгерлік даярлық, әскери тәртіп, қызметтік міндеттерді орындау, психологиялық дайындық және тест нәтижелері ескерілді.
Конкурсқа қатысу және нәтижелері
1 040 білім грантына 160 әскери бөлімнен 8 823 әскери қызметші өтініш берді. Жеңімпаздар тізімі мен сертификаттары «Срочники 2.0» платформасында жарияланды.
Білім грантын жеңіп алғандар үшін алғашқы оқу жылында жатақханадан басымдықпен орын беру және шәкіртақы төлеу қарастырылған. Бұл бастама заңнамалық тұрғыда бекітіліп, әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған.
Мамандықтар және жобаны қолдау
Мерзімді әскери қызметін аяқтаған жастардың білім алуына бес негізгі бағыт бойынша мүмкіндік берілген: ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік және құрылыс салалары, ауыл шаруашылығы мен биоресурстар, ветеринария, қызмет көрсету саласы.
Жобаны жүзеге асыруға Мәжіліс депутаттары Нұргүл Тау мен Олжас Құспеков қолдау көрсетті. Олар білім беру жеңілдіктерін іске асыруда және еңбек нарығына қажетті мамандықтар тізімін кеңейтуге қатысты мәселелерді шешуге атсалысты.
Дереккөз: gov.kz


