Қоғам

СҚО Айыртау ауданында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданына қарасты Гусаковка ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті ашылды. Бекет Гусаковка ауылдық округі әкімдігі базасында орналасқан. Жаңа нысан Гусаковка, Береславка, Корсаковка және Новосветловка ауылдарының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған.

Бекет қызмет көрсететін аумақта 1 мыңнан астам тұрғын және 400-ге жуық үй бар. Өрт сөндіру бекеті қажетті техникамен жабдықталған. Оның ішінде өрт сөндіру автоцистернасы, өрт жеңдері, сатылар, құтқару арқаны, көбік беру құрылғылары және байланыс құралдары бар. Сондай-ақ, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге арналған құрал-саймандармен қамтылған.

Бекетте екі қызметкер – өрт сөндіруші мен жүргізуші жұмыс істейді, ал төрт ерікті өрт сөндіруші арнайы оқудан өткен. Ғимаратта өрт сөндіру техникасына арналған гараж, диспетчерлік бөлме, демалыс бөлмесі, ас үй, киім ауыстыратын орын және душы бар санитарлық торап қарастырылған. Нысан қатты отынмен жылытылып, электр, су және кәріз жүйелерімен қамтамасыз етілген. Жеке құрам тәулік бойы кезекшілік атқара алады.

Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге, өрт қауіпсіздігін арттыруға және төрт ауылдың тұрғындарын қосымша қорғауға мүмкіндік береді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button