Астанада Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдығына орай концерт өтті
Астанадағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерт залында қазақ музыкасының классиктері Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдығына арналған «Тұңғыш саундтрек» атты концерт ұйымдастырылды.
Шараға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ, Азамат Жылтыркөзов, Салтанат Ахметова, сондай-ақ опера әншілері Айзада Капонова, Нұрсезім Саматқызы, Саят Сақитжан, Лаура Ғалым және Бекұлан Ерболатұлы қатысты. Оркестрді ұжымның көркемдік жетекшісі Мирас Нұржанов басқарды.
Концертте Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі «Қазақ вальсі», «Бұлбұл», «Ләйлім», «Елік-ай» секілді танымал шығармаларды, «Абай» операсынан үзінділерді және қазақтың алғашқы көркем фильмі «Амангелдіге» арналған музыканы орындады.
«Тұңғыш саундтрек» концерті қазақ музыкасы тарихының маңызды сәттерін жаңаша ашып, ұлттық мәдени мұраны сақтау мен дәріптеудің өзектілігін көрсетті. Көрермендер симфониялық оркестрдің орындауында қазақ музыкасының жауһарларымен қайта қауышты.
Дереккөз: gov.kz


