Қоғам

Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі: ТЖМ профилактикалық шараларды күшейтті

Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Үкімет отырысында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары жайлы баяндады. Министрдің сөзінше, өткен жылы өрт оқиғаларының 55%-дан астамы тұрғын үй секторында, әсіресе жеке үйлерде тіркелген. Өрттің негізгі себептері – электр жабдықтары мен пештерді дұрыс орнатпау, пайдалану ережелерін бұзу және отты абайсыз қолдану.

Профилактикалық шаралар мен әлеуметтік көмек

ТЖМ тұрғын үй секторындағы қауіпсіздікке басымдық беріп, өрт шығу қаупі жоғары үйлерге арнайы барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Әлеуметтік осал топтағы 93 мыңнан астам үй есепке алынған. Тамыздан бері пеш және электр жабдықтарын тексеру, түтін мұржаларын тазарту, пеш пен электр жүйелерін жөндеу ісі қолға алынған. Сонымен қатар тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптары түсіндірілуде.

Жергілікті органдармен бірлесіп, үйлерге өрт датчиктері орнатылып жатыр. Биылғы тамыздан бері 13 мыңнан астам датчик қойылған. Жеке үйлерде түтін хабарлағыштарын орнату міндеттелген. Көпқабатты үйлерде өрт туралы дабылдың мобильді телефонға немесе өрт станциясына түсуін қамтамасыз ететін жүйе енгізілмек.

Цифрландыру және жедел әрекет ету тетіктері

Профилактикалық шараларды кезең-кезеңімен цифрландыру жүріп жатыр. «Тұмар 112» мобильді қосымшасы дайындалды, ол тұрғын үй секторын аралау, фото және геолокация арқылы деректер жинау, бірыңғай база түзуге мүмкіндік береді. Бұл жүйе ең осал үйлерді анықтауға және бұзушылықтарды бақылауға көмектеседі. Жоба Абай облысында пилоттық режимде іске қосылды, кейін басқа өңірлерге таратылады.

Зейнеткерлердің үйіндегі қауіпсіздікті тексеру мақсатында «Ата-анаңның үйін тексер» акциясы басталды. Сондай-ақ тұрғындардың өтінішіне жедел жауап беру үшін жедел желі ашылды.

Балалардың қауіпсіздігі мен инфрақұрылымды жаңарту

Балаларға төтенше жағдай кезіндегі өзін-өзі ұстау және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын үйрету үшін тұрақты ашық сабақтар, оқу-жаттығулар өтуде. «Жас құтқарушылар мен өрт сөндірушілер» үйірмелерінің саны республикада 2,5 мыңға жетті.

Министрлік бөлімшелерінің инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық жабдықтары жаңартылып жатыр. Биыл республикада 19 өрт сөндіру депосы ашылды, оның 7-еуі әмбебап депо. 160-тан астам өрт сөндіру техникасы, 1,5 мыңнан аса құрал-жабдық және 2 мыңнан астам жауынгерлік киім сатып алынып жатыр.

Ауылдық жерлердегі өрт қауіпсіздігі

«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасымен шалғай ауылдарды қорғау жалғасуда. Елімізде 312 өрт сөндіру пункті қызмет етеді, олар 978 елді мекенді қамтиды. Министрлік күш-жігері негізінен тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button