Кохлеарлық импланты бар балаларға арналған онлайн оңалту бағдарламасы енгізілді
Қазақстанда кохлеарлық импланты бар балаларға арналған қашықтан есту және сөйлеу қабілетін оңалту бағдарламасы іске қосылды. Аталған жобаны ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы ұйымдастырды. Онлайн сабақтар дәстүрлі оңалту курстарын толықтырып, балалардың мамандармен үздіксіз байланыста болуын қамтамасыз етеді.
Онлайн сабақтардың алғашқы нәтижелері
Қашықтан оқыту бойынша алғашқы курс 2026 жылғы 1 қазан мен 1 қараша аралығында өтті. Сабаққа еліміздің тоғыз өңірінен 3 пен 7 жас аралығындағы 16 бала қатысты. Олардың 12-сі ауылдық жерлерде тұрады. Орталықтың сегіз педагогі бір ай ішінде 128 онлайн сабақ өткізді. Сабақтар балалар мен ата-аналардың күн тәртібіне сай екі ауысымда ұйымдастырылды.
Бағдарлама құрылымы және қолжетімділігі
Қазіргі таңда Орталықтың сегіз өңірде филиалдары жұмыс істейді. Жыл сайын оларда 234 балаға арналған 936 оңалту курсы өткізіледі. Сонымен қатар, филиалдары жоқ аудандардан келген 150 бала Орталықта тәулік бойы оңалтудан өте алады. Дәстүрлі курстар арасындағы бірнеше айлық үзілістер кезінде балалар үздіксіз қолдауға ие болуы үшін ағымдағы жылдың 1 қазанынан бастап жаңа бағдарлама іске қосылды.
Жеке оңалту маршруты және ата-аналардың рөлі
Әр балаға жасына, даму деңгейіне және жеке ерекшеліктеріне қарай жеке оңалту маршруты әзірленеді. Сабақтарды сурдопедагог, логопед, дефектолог немесе психолог жүргізеді. Онлайн кездесулер аптасына екі рет, яғни айына сегіз рет өтеді. Бағдарламаның маңызды бөлігі — ата-аналардың белсенді қатысуы. Оларға арнайы бейнесабақтар ұсынылып, үйге тапсырмалар беріледі. Қазіргі таңда ата-аналарға 80 бейнесабақ қолжетімді.
Нәтижелерді бағалау және әрі қарайғы жоспарлау
Ата-аналар орындалған жаттығулар мен нәтижелер туралы мәліметтерді мамандарға жолдап отырады. Бұл баланың дамуындағы өзгерістерді бақылауға және қиындықтарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында баланың даму динамикасы әр үш ай сайын бағаланады. Қажет болған жағдайда оңалтудың жеке маршруты мен ұсыныстар қайта қаралады. Қашықтан оқыту форматы дәстүрлі оңалту курстары арасындағы кезеңде балаларға тұрақты қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.
Дереккөз: gov.kz



