Қоғам

Жетісу облысында Жайпақ станциясы вокзалы жаңартылып, пайдалануға берілді

Жетісу облысындағы Жайпақ станциясының вокзалы толық жаңартылып, қайта пайдалануға берілді. 1999 жылы салынған теміржол вокзалының ғимараты мен инфрақұрылымы толық жөнделді.

Вокзал ғимараты мен перроны жаңартылды

Қайта жаңғырту нәтижесінде бір қабатты вокзалдың жалпы ауданы 105 шаршы метр болды. Ғимараттың қасбеті сәндік сылақпен әрленіп, іргетасы гранитпен қапталды. Ішкі бөлмелер мен жолаушылар перроны да жаңартылып, еденге керамогранит төселді.

Қауіпсіздік пен қолайлылыққа басымдық берілді

Жөндеу барысында қауіпсіздікке ерекше мән беріліп, қосымша эвакуациялық жолдар жасалды, өрт қауіпсіздігі талаптарына сай есіктер орнатылды. Құрылыс кезінде отандық материалдар пайдаланылды.

Бағдарлама аясында жүзеге асты

Бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы шеңберінде орындалды. Жайпақ станциясының вокзалы III санатқа кіреді. Бұл станция арқылы Достық және Жалаңашкөл бағытында екі жолаушылар пойызы қатынайды. Бағдарлама жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға, олардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button