Жұмысқа қабылдаудағы сынақ мерзімі: қызметкерге маңызды мәліметтер
Жұмысқа орналасу кезінде жұмыс беруші қызметкердің біліктілігі мен тапсырылған міндеттерді орындау қабілетін бағалау үшін сынақ мерзімін белгілей алады. Бұл кезеңде де еңбек заңнамасында көзделген барлық құқықтар мен кепілдіктер толық сақталуға тиіс.
Сынақ мерзімінің шарттары мен ұзақтығы
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, сынақ мерзімі туралы талап еңбек шартында міндетті түрде жазылуы керек. Егер шартта бұл талап көрсетілмесе, қызметкер сынақ мерзімінсіз қабылданған болып саналады.
Көп жағдайда сынақ мерзімі үш айдан аспайды. Дегенмен, ұйым басшылары, олардың орынбасарлары, бас бухгалтерлер және филиал, өкілдік басшылары үшін сынақ мерзімі алты айға дейін ұзаруы мүмкін.
Сынақ кезеңінде қызметкердің құқықтары
Қызметкер жұмысқа кіріскен алғашқы күннен бастап төмендегі еңбек құқықтары мен кепілдіктерге ие:
- жалақысын уақытылы және толық көлемде алу;
- жұмыс уақыты мен демалыс тәртібінің сақталуы;
- қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеу;
- әлеуметтік кепілдіктерді пайдалану;
- еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.
Сынақ мерзімі жалақыға әсер ете ме?
Сынақ мерзімінің белгіленуі жалақының азаюына негіз бола алмайды. Еңбекақы мөлшері еңбек шартында нақты көрсетілуі шарт және заң талаптарына сәйкес болуы тиіс. Егер қызметкер үш айлық сынақ мерзімімен қабылданса, жұмыс беруші оның жалақысын сынаққа сілтеме жасап төмендете алмайды. Жалақыны өзгертудің заңды негізі болуы және ол еңбек шартында көрсетілуі керек.
Сынақтан өтпеген жағдайда жұмыстан шығару тәртібі
Жұмыс беруші сынақ нәтижесіне сәйкес қызметкер тапсырманы орындай алмады деп шешсе, еңбек шартын заңда белгіленген тәртіппен бұза алады. Бұл ретте жұмыс беруші қызметкерге шарттың бұзылатынын алдын ала ескертіп, сынақ нәтижесі неліктен қанағаттанарлықсыз екенін түсіндіруге міндетті. Яғни сынақ мерзіміндегі қызметкерді себепсіз немесе заң талаптарын сақтамай жұмыстан шығаруға болмайды.
Қызметкерге арналған кеңестер
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сынақ мерзімі ресми еңбек қатынастарының ажырамас бөлігі екенін ескертеді. Осы кезеңде де қызметкердің құқықтары мен кепілдіктері толық сақталады. Сондықтан жұмысқа орналасар алдында еңбек шартын мұқият қарап, сынақ мерзімінің ұзақтығы, жалақы мөлшері және еңбек жағдайларына қатысты талаптарға назар аудару ұсынылады.
Өз еңбек құқықтарын білу — заң бұзушылықтардың алдын алуға және жұмысқа орналасу кезінде өз мүддеңізді қорғауға көмектеседі.
Дереккөз: gov.kz



