Астанада спорт инфрақұрылымы қалай дамуда: 800-ден астам нысан қолданыста
Астанада спорт инфрақұрылымын дамыту – бұқаралық және кәсіби спортқа қолжетімділікті арттырудағы маңызды бағыттардың бірі. Қазіргі таңда елордада 800-ден астам спорт нысаны жұмыс істейді, оның 36-сы – ірі спорт кешендері.
Қаланың барлық ауданында спорт нысандары бар
Спорт инфрақұрылымы Астананың барлық ауданында орналасқан. Қаланың шет аймақтарындағы тұрғын алаптар да спорт нысандарымен қамтылған. Бұл нысандар қатарына дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, спорт залдары, стадиондар, бассейндер, ауладағы және ашық аспан астындағы жаттығу алаңдары кіреді.
Жеке инвестициялар мен жаңа кешендер
Мемлекеттік нысандармен қатар, спорт инфрақұрылымы жеке инвестиция есебінен де дамып жатыр. Соңғы жылдары елордада Alpha Gym, Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені, Ozen Fitness және Sana Sport сияқты заманауи кешендер ашылды.
Инклюзивті спорт және жаңа нысандар
Инклюзивті спортты дамытуға ерекше мән берілуде. 2025 жылы Астанада мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған Инклюзивті спорт орталығы ашылды. Ал 2026 жылдың ақпанында Орталық саябақта 300 адамға арналған жаңа шаңғы базасы іске қосылды. Бұл жерде шаңғы жабдықтарын дайындау, сақтау бөлмелері және заманауи жаттығу залы бар.
Ірі жобалар және стадиондар құрылысы
Ірі жобалардың бірі – апатты деп танылған ескі стадион орнына салынған Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы жаңа футбол стадионы. 3 600 көрерменге арналған бұл нысан Арнайы мемлекеттік қор қаражатына салынды және УЕФА-ның екінші санаттағы талаптарына сай келеді. Стадионда жыл бойы жаттығу өткізуге және түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар, «Қазақстан» спорт сарайын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл жоба 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған.
Астанадағы спорт саясатының басымдықтары
Астананың спорт саласындағы негізгі мақсаттары – бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамыту, жоғары деңгейдегі спортшыларды қолдау, халықаралық жарыстар өткізу және инфрақұрылымды жаңғырту. Елорданың басты міндеті – тұрғындарға дене шынықтыруға қолайлы жағдай жасап, спорт резервін даярлау және қаланы Қазақстандағы жетекші спорт орталықтарының біріне айналдыру.
Дереккөз: gov.kz



