Қоғам

Қазақстан ТЖМ өкілдері Стамбул техникалық университетінде тәжірибе алмасты

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев пен Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рашид Дубаев бастаған делегация Стамбул техникалық университетіне (ITU) жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында ERG компаниясы мен аумақтық департаменттердің өкілдері болды.

Сапардың негізгі мақсаты – тау-кен ісі және өнеркәсіптік қауіпсіздік бағытында жетекші жоғары оқу орнының үздік тәжірибесін зерттеу, сондай-ақ ғылыми жаңалықтарды Қазақстандағы өндірістік нысандарда қолдану. Делегация университеттің профессор Мустафа Кумрал бастаған ұжымымен кездесіп, ғылыми-зерттеу жұмыстары және зертханалардың қызметімен танысты.

Кездесу барысында тараптар шахталардың газдылығын зерттеу, қауіпті факторларды анықтау, тау-кен жұмыстарының қауіпсіздігін арттыру, өндірістік апаттардың алдын алу және заманауи технологияларды енгізу мәселелерін талқылады. Қазақстандық делегация өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тиімді механизмдер мен жаңа ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізу жолдарын үйренді.

Жиналған инновациялық мәліметтер Қазақстанның өнеркәсіптік қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге, жұмысшылардың қорғалуын күшейтуге және шахталарда төтенше жағдайлардың алдын алуға оң әсер етеді деп күтілуде.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button