Қазақстандағы экологиялық заң бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік
Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау – мемлекет пен қоғам үшін маңызды міндет. Экологиялық заң талаптарын сақтау әр азаматқа, кәсіпкерге және заңды тұлғаға жүктеледі. Экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде нақты көрсетілген.
Экология саласындағы жиі кездесетін құқық бұзушылықтар
Ең көп таралған экологиялық құқық бұзушылықтарға төмендегі әрекеттер жатады:
- қалдықтарды арнайы белгіленбеген орындарға тастау және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жасау;
- қалдықтарды жинау, тасымалдау немесе өңдеу ережелерін бұзу;
- ластаушы заттар шығарындыларының рұқсат етілген мөлшерінен асып кету;
- қажетті экологиялық рұқсаттарсыз қызмет жүргізу;
- өндірістік нысандарда белгіленген талаптарды сақтамау.
Экологиялық заң бұзушылықтар үшін айыппұлдар
Аталған заң бұзушылықтар үшін әкімшілік айыппұлдар салынады. Айыппұл мөлшері құқық бұзушылық түріне және кәсіпкерлік субъектінің санатына қарай анықталады. Мысалы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабына сәйкес, қалдықтарды арнайы орындардан тыс жерге тастағаны үшін:
- жеке тұлғаларға – 50 айлық есептік көрсеткіш (АЕК);
- лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Сондай-ақ, 328-бапта қоршаған ортаға рұқсат етілген шектен тыс әсер ету және экологиялық рұқсатсыз эмиссиялар үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген.
Экологиялық залалды өтеу міндеті
Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікпен қатар, қоршаған ортаға келтірілген залалды өтеуге де міндетті. «Ластаушы төлейді» қағидаты бойынша, залал келтірген тұлға оны өз қаражаты есебінен қалпына келтіруі тиіс.
Экология департаментінің ескертуі
Экология департаменті азаматтар мен кәсіпкерлерді қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтауға және заң бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады. Таза қоршаған орта – барлығымыздың ортақ жауапкершілігіміз.
Дереккөз: gov.kz



