AgriTech компаниясы спутник арқылы малды бақылау жүйесін шетелге шығаруда
iGps Tech спутниктік бақылау жүйесінің мүмкіндіктері
iGps Tech компаниясы ұялы байланыс қолжетімсіз аймақтарда да жұмыс істейтін спутник арқылы малды бақылау жүйесін әзірледі. Қазақстандық технология малдың тұрған жері мен қозғалысын нақты анықтап, виртуалды шекаралар орнатуға мүмкіндік береді. Бұл мал ұрлығы мен жоғалуын азайтып, жануарлардың автожолдар немесе егістік жерлерге шығып кету қаупін төмендетеді.
Клиенттер мен қамтылған мал саны
Қазіргі таңда компания қызметін 3 800-ден астам клиент пайдаланып отыр. Спутниктік жүйеге 130 мыңнан астам жылқы тіркелген. Сонымен қатар, бұл жүйе ірі қара мен басқа жануарларды да бақылауға қолданылады.
Технологиялық жаңартулар және халықаралық нарық
Соңғы 8 жылда iGps Tech шетелдік құрылғылардан бас тартып, өзіне бейімделген GPS құрылғылар мен бағдарламалық өнімдерді жасап шығарды. Биыл компания спутниктік трекер мен биосенсорларды біріктіретін жаңартылған шешімін таныстырды. Жаңа жүйе бір мезетте онға дейін малды бақылап, олардың дене қызуы мен қозғалысын тіркейді.
Компания халықаралық ынтымақтастықты да дамытып отыр. Отандық өнімге Орталық Азия елдері қызығушылық танытып, Аргентина мен Австралия да болашағы зор нарық ретінде қарастырылуда.
Ғылыми зерттеу және ұзақ мерзімді жоспарлар
iGps Tech коммерциялық қызметімен қатар, Германиядағы Гёттинген университетімен бірлесіп, мал жаюдың табиғи экожүйеге әсерін зерттеуге қатысады. Бұл зерттеулер жайылымды пайдаланудың табиғи өрт қауіпін азайтудағы рөліне де бағытталған.
Ұзақ мерзімді жоспарда компания спутниктік мониторинг, ветеринариялық бақылау және аграршыларға арналған сервистерді біріктіретін Agro-SuperApp бірыңғай цифрлық платформасын құруды көздеп отыр. Бұл бастама мал шаруашылығын цифрландыруға және экспорттық әлеуетті арттыруға септігін тигізеді.
Дереккөз: gov.kz



