Астанада жыл басынан бері есірткі жарнамасы бар 29 граффити анықталды
Астана қаласының полиция қызметкерлері ғимараттар мен қалалық инфрақұрылым нысандарында граффити салу арқылы жасалған вандализм деректерін анықтау бойынша тұрақты жұмыс жүргізуде. Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты хабарлады.
2024 жылдың басынан бері елордада жалпы 18 вандализм дерегі тіркелген. Сонымен қатар, есірткінің заңсыз айналымын насихаттайтын немесе жарнамалайтын жазбалар мен суреттер бар 29 граффити анықталды. Әрбір осындай жағдай бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданған.
Есірткі жарнамасына қатысты шаралар
Есірткі жарнамасы бар граффитиді таратумен айналысқандарды анықтау және заңсыз әрекеттердің жолын кесу жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері есірткі құралдарын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау дерегі бойынша 6 қылмыстық іс қозғалды.
Мұндай жазбалар, әсіресе, көпшілік жүретін қоғамдық орындар мен ғимараттардың қасбеттерінде жиі кездеседі. Полиция құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу мақсатындағы жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Қоғамдық тәртіпті сақтау – ортақ міндет
Қала тазалығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Қоғамдық мүлікті бүлдіргендер заңға сәйкес жауапқа тартылады.
Дереккөз: gov.kz



