Экономика

Қазақстанда 2029 жылға дейін 13,3 ГВт жаңа электр қуаты іске қосылады

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комитеттің отырысында энергетика саласын дамыту жайы қаралды. Басқосуда Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы салалық міндеттер мен жоспарлар талқыланды.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов еліміздегі электр энергетикасының қазіргі жағдайы, жаңа қуат көздерін іске қосу жоспары және жаңартылатын, көмір энергетикасын дамыту бағыттары туралы баяндама жасады. Министрдің айтуынша, 2029 жылдың соңына дейін Қазақстанда 13,3 ГВт жаңа генерациялаушы қуат көзін іске қосу көзделуде. Оның 7,4 ГВт-ы базалық генерацияға тиесілі. Бұл жобалар халық пен экономикаға қажетті электр энергиясын қамтамасыз етуге, ірі деректер орталығы мен жасанды интеллект инфрақұрылымын энергиямен қамтуға, сондай-ақ генерациялаушы қуаттардың 20 пайыздық артық қорын құруға мүмкіндік береді.

2027 жылы электр энергиясының профициті артады

Жаңа қуат көздерін іске қосу нәтижесінде 2027 жылы электр энергиясының болжамды профициті 1,3 млрд кВт·сағ-қа жетеді. Сонымен қатар, 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімді өзектендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жаңартылатын энергия және күн электр станциялары

Жаңартылатын энергия көздерін дамыту басты назарда. Қазір елдегі электр энергиясы өндірісіндегі жаңартылатын көздердің үлесі 8,5%-ды құрап отыр. Ең басым бағыттардың бірі – күн энергетикасы. Бүгінде жалпы қуаты 900 МВт болатын ірі күн электр станцияларының жобалары дайындалды. 2035 жылдың соңына дейін кемінде 8,4 ГВт жаңа жаңартылатын энергия көздері, оның ішінде шамамен 1,8 ГВт күн генерациясы іске қосылады.

Көмір генерациясын дамыту ұлттық жобасы

Елдегі стратегиялық бағыттардың бірі – «Көмір генерациясын дамыту» ұлттық жобасын жүзеге асыру. Бұл аясында шамамен 7,8 ГВт қуатты іске қосу және жаңарту жоспарланған. Сегіз жаңа станция салу және қолданыстағы 11 энергия нысанын жаңғырту көзделген.

Жалпы, аталған шаралар электр қуатын дамытуға, энергетикалық теңгерімді әртараптандыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және елді ұзақ мерзімді кезеңде сенімді электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Дереккөз: gov.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button